17 қаң, 2018 сағат 09:01

Алтын Орданың астаналары

Кеңес заманында «Русь 250 жыл бойы моңғол-татар езгісінде» деп оқытылатын кезең қазір Ресей тарихында «Алтын Орда дәуірі» деп оқытылады. Алтын Орданың тарихта көпшілікке негізінен екі астанасы белгілі: Сарай-Бату мен Сарай-Берке.

Алғашқы астанасы – Ресей аумағында, Астрахань – Волгоград жолы бойында, қазіргі Астрахань қаласынан жүз отыз шақырым жердегі Қарабайлы ауданы Селитренное қалашығының дәл жанында орналасқан. Қаланың тарихтағы толық аты – Сарай-аль Махрус. Ескі Сарай, Үлкен Сарай деп те аталады. Алтын Орданың екінші астанасы –қазақ даласында, Атырау қаласынан 55 шақырым жерде Махамбет ауданының аумағындағы көне Сарайшық қаласының орны. Сарайшық қаласы жөнінде бұдан бұрын жазған болатынбыз. 1395 жылы Ақсақ Темір шауып алып, күйреткен Сарайшықты Үлкен Ноғай Ордасының орталығы (1490 жылдан бастап) болып тұрған кезінде Иван Грозныйдың бұйрығы бойынша, Жайық бойына кемемен келген казактар 1580 жылы тас-талқан етіп қиратып, түк қалдырмай өртеп жібергені тарихтан белгілі. Сарайшық қаласының аты Бату ханның ұрпағы, ислам дінін Шыңғыс ұрпақтары арасында бірінші болып қабылдаған Берке (Береке) ханмен (1255 жылы өлген) байланысты айтылады. Сондықтан тарихтағы Сарай-Берке деп жүргеніміз осы – Сарайшық қаласы.

Бүгінгі әңгімеміз Сарай-Бату қаласы жайында болмақ. Қаланың негізін Шыңғыс ханның немересі Бату ханның (1208-1255) өзі қалаған деседі. Басқа бір деректе Берке хан негізін қалаған. Сарай-Бату қаласы тарихта алғаш рет 1254 жылғы Рубрук жазбаларынан белгілі. ХIII ғасырда Алтын Орданың астанасы болған. Сол кезде қала­ның 75000 тұрғыны болған деседі. 1480 жылы түпкілікті жойылған қала қазір жарты ғасыр­дан астам уақыттан бері археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан тарихи құнды мек­ен ретінде туристер жиі ба­ра­­тын жерге айналған. 2010 –1011 жылдары «Орда» фильмі түсіріл­генде декорация ретінде жасанды қорғандар тұрғызылып, байырғы қала бейнесі біршама қайта қалпына келтірілді және түсірілім жұмыстары аяқталған соң, мәдени-тарихи кешен ретінде нысандар сол бойы қалдырылды. Қазір ашық аспан астындағы музейге айналған. Әрине, бая­ғы саз балшық пен сабаннан тұрғызылған қаладан жұрнақ та қалмағаны белгілі. Негізінен, түпнұсқа қызыл кірпіштермен қоса, қазіргі құрылыс материал­дары да пайдаланылып, ағаштан, темірден тұрғызылып, цементпен қатырылса да, сыртынан топы­рақты лай-балшық жағылған соң, туристер көне қорғандарды байырғы заманғы кейпінен еш айыра алмай, орта ғасырға еніп кеткендей таң-тамаша болады. Келушілер кішігірім қалашықты жаяу немесе түйемен аралап, киіз үйлер мен көне заттарды тамашалайды, суретке түседі, сувенирлер сатып алады. Бұл жерден бір заманда әйгілі Ұлы Жібек жолы өткен. Су құбырлары мен канализация жүргізіліп, керамика, әйнек, металл өңделген.

Биыл Сапар Ысқақов жетек­шілік ететін «Бабалар ізімен» атты ғылыми экспедиция Вене­ция мұрағатынан Фра Мауро монахына тиесілі орта ғасырдағы алғашқы заманауи картаны тап­қан-ды. Онда Алтын Орданың астанасы – Сарай-Бату қаласы бейнеленген екен. Венеция мен Генуя көпестері Алтын Ордамен қызу сауда-саттық жасаған көрінеді. Негізінде, мұнда шығыс пен батыс елшіліктерінің болғаны жайындағы жазба деректер Плано Карпини, Рубрук жазбаларынан бұрын да белгілі. Египеттің аты­нан Сұлтан Бейбарыс жіберген елшілік бірнеше рет Сарай-Батуда болғаны туралы да мә­ліметтер бар. Сарай-Бату Өзбек хан таққа отырғанға дейін (1312) Жошы ұлысының орталығы болды. Кейбір деректер бойынша Бердібек ханның денесі де осы жерге жерленген. Кейіннен Ал­тын Орда хандарының өзара қырқыстары мен Әмір Темірдің жорығы салдарынан қала қатты бүлінген.

Сарай-Бату қаласы Астра­хань аумағындағы Селитренное қалашығы жанында орналасқан дедік. Ұлы Отан соғысы жыл­дарында осы жерден өндірілген селитра жауға қарсы оқ-дәрі жасауға жұмсалған екен. Соғыстың басталуын Ақсақ Темір қабірінің қазылуымен байланыстыратын аңыз іспеттес әңгіме белгілі. Мәскеуде Герасимов зерттеп жатқан Ақсақ Темірдің сүйегін Сталин Алтын Орда мемлекетінің алғашқы астанасы – Сарай-Батудың үстімен алып ұшыңдар деген тапсырма берген деседі. Ұшқыштар дәл солай жасап, әміршінің сүйегін Самарқанға қайтарып, тездетіп орнына жерлеген соң, Сталинград түбінде немістер ойсырай жеңілген деген аңыз бар. Мұны тарихи сәйкестік дейміз бе, не дейміз? Немістерді күйреткен оқ-дәрі шикізатының дәл осы Сарай-Батудан шығуының әлгі Ақсақ Темірге қатысты соғыс туатын аңызбен сәйкестігін айтамыз.


Жалпы, Алтын Орданың астаналары дегенде, тарихта үш қаланың орны ерекше аталады. 1.Сарай-Бату немесе Сарай-әл-Махрус. 2. Сарай-Берке (Сарай әл-Жәдид немесе Жаңа Сарай) (қазір Ресейдің Волгоград облысындағы Царев селосы). Қаланы 1262 жылы Берке хан салған. 1282 жылдан – Алтын Орданың астанасы. 1396 жы­лы Ақсақ Темір қиратқан. 3. Са­райшық (Сары Айшық не­ме­се Кіші Сарай) (қазіргі Атырау облысының Махамбет ауданында). Ибн Батута деген араб саяхатшысы әрі географ-зерттеушісі «Дешті Қыпшақ даласына саяхат» деген естелік жазбаларында өзінің 1333 жылы Үлкен Сарайды көргенін былай баяндайды: «Сарай қаласы жазық жерде орналасқан, көшелері кең, базарлары әдемі, тұрғыны көп. Таңертең қаланың бір басынан шығып, аяғына түннің ортасында жеттік. Қалада отыз мешіт бар екен. Басқа да құлшылық орындары бар. Халқы әр текті: моңғол, қыпшақ, орыс, черкес, христиан византиялықтар. Әр халық топтасып өмір сүреді, өздерінің базарлары бар. Ирак, Мысыр, Сириядан келген саудагерлер өздерінше тұрады…» деп Үлкен Сарайдан атқа жегілген арбамен он күн жүріп, Кіші Сарай қаласына келгенін былай баяндайды: «Біз Үлкен Сарай қаласынан атқа жегілген арбамен он күн жүріп, Кіші Сарай қаласына келіп жеттік. Бұл Ұлысу деп аталатын терең әрі ағысы қатты өзеннің бойына салынған қала екен…».

Алтын Орданың қос ас­танасының қазіргі жағдайын салыстырсаң, ресейліктердің, оның ішінде астрахандықтардың үлгісіне таңғаласың.

Жайық бойындағы жарға жұтылып, жер бетінен жойылып бара жатқан Сарайшық қаласына да дәл осындай реконструкция жүргізіліп, Сарай-Бату секілді жарақтандырып қойса ғой деп армандайсың. Сонда Алтын Орданың қос астанасы бірімен бірі жарыса дамып, қос мұнара секілді айбарланып, тарихты сары алтындай айшықтап тұрар ма еді дейсің…

Төреғали ТӘШЕН,

"Айқын" газеті