22 мам, 2020 сағат 12:15

25 мамырда Қазақстан қалалары арасындағы әуе қатынасы қалпына келтіріледі

Қазақстанның барлық қалалары арасындағы әуе қатынасы 25 мамырдан бастап қалпына келтіріледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Жазда әуе тасымалына сұраныс көбейетіндіктен, әуе компаниялары қалалар арасындағы рейстер санын денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-карантиндік шараларын ескере отырып өздері анықтайды.

«25 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайы ішкі тұрақты рейстер үшін ашылып, ішкі әуе нарығындағы бағыттардың жандануына ықпал етеді.

Ұшақтар Көліктегі бас санитарлық дәрігер белгілеген санитарлық қауіпсіздіктің жоғары шараларын сақтай отырып, яғни жеке қорғаныс құралдарын пайдаланумен, сенсор термометрмен дене қызуын өлшеу, әлеуметтік қашықтықты сақтау арқылы ұшады және әуежайлар мен ұшақтарда күшейтілген залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, 25 мамырдан бастап Атыраудан республиканың өзге қалаларына әуе рейстері қайта ашылады.

"Эйр Астана" компаниясы Атырау–Алматы, Атырау–Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша аптасына 7 рейс орындайды.

SCAT Атырау–Нұр-Сұлтан бағытына аптасына 5 рейс, ал 1 маусымнан бастап 7 рейс жоспарлап отыр. Атырау – Ақтау бағыты бойынша аптасына 7 рейс, ал 1 маусымнан бастап 14 рейс орындайды

Еске сала кетсек, 1 мамырдан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары арасында (2 қала); 5 мамырдан Семей, Өскемен, Петропавл, Қызылорда (4 қала); 11 мамырдан Ақтөбе, Павлодар, Тараз, Қарағанды, Талдықорған, Көкшетау, Қостанай (7 қала) әуе рейстері ашылған еді.

Айта кетерлігі, коронавирус пандемиясына байланысты елімізде мемлекеттік комиссияның шешімімен 97 халықаралық бағыт бойынша аптасына 440 рейс және ішкі рейстерде 45 бағыт бойынша аптасына 540 тұрақты рейс тоқтатылған болатын.