#
#
Cәрсенбі 27/05/2020

Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығына конкурс жарияланды

  • 31.03.2020
  • 0
  • 848

Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия 2020 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығына конкурс жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығына (бұдан әрі – Абай атындағы мемлекеттік сыйлық) үміткерлерді ұсыну тәртібі «Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы және Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 993 Жарлығымен реттелген.

Абай атындағы мемлекеттік сыйлық Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдіктерге Қазақстан мәдениетінің дамуына ерекше бағалы үлес деп танылған әдебиет пен өнер саласындағы аса үздік шығармалары үшін беріледі.  

Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған ұжымдағы үміткерлердің саны 5 адамнан аспауы тиіс, ізденушілер ұжымына жұмысты орындау процесінде тек әкімшілік және/немесе ұйымдастыру функцияларын жүзеге асырған тұлғаларды қосуға жол берілмейді.

Жұмыс Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа бір рет қана ұсыныла алады.

Бір автор немесе авторлар ұжымы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа қатарынан екі рет ұсыныла алмайды.

Бұрын Қазақстан Республикасының сыйлықтарына ие болған жұмыстар Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты алу конкурсына жіберілмейді.

Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа осы сыйлықтың лауреатына жаңа жетістігі үшін қайтадан берілуі мүмкін, бірақ көрсетілген сыйлық алдыңғы берілгенінен кейін бес жылдан ерте болмайды.

Тұлға Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғаннан кейін қайтыс болған жағдайда, лауреаттың дипломы, төсбелгісі мен ақшалай сыйақысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұра бойынша беріледі.

Жұмыстарды Абай атындағы мемлекеттік сыйлық алуға ұсынуды мемлекеттік органдардың алқалары, шығармашылық одақтар мен ұжымдар жүргізеді.  

Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа жұмыстарды қабылдау аяқталғанға дейін бес жылдан аспайтын уақытта және кемінде бір жыл бұрын (2020 жылдың 1 наурызына дейін) көпшілік айналым үшін орындалған бір автордың немесе авторлар ұжымының жұмыстары (бір жұмыс) ұсыныла алады.

Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ӨТІНІМДЕРДІ ҚАБЫЛДАУ 2020 жылы Қазақстан Республикасының барлық аумағында төтенше жағдай мен карантин енгізілуіне байланысты 2020 жылдың 1-30 сәуірі аралығында электрондық форматта іске асырылады.

ЖҰМЫСТАР (кітаптар, ноталық жазбалар, бейнелеу өнері туындыларының өнімдері, сәулет өнерінің схема-сызбалары, ғимараттардың, кешендердің т.б. фотосуреттері, кинофильмдер мен спектакльдерден бейнетаспалар немесе фотокөріністер, концерттік қойылымдар мен орындаушылық өнердің бейне немесе аудио-таспалары) карантин аяқталған күннен бастап 2020 жылдың 1 маусымына дейін қабылданады.

Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа үміткер авторлар, олардың конкурсқа ұсынған еңбектерінің тізімдері және үміткерлерді ұсынып отырған ұйымдардың аттары ашық жариялылық түрде кеңінен талқылану мақсатында республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

2020 жылғы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі шешім баспасөз беттерінде жарияланады.

Ұсынылған еңбектерді тіркеу үшін мына құжаттар қажет:

  1. Мемлекеттік органның немесе шығармашылық одақтың ұсынысы.
  2. Жиналыс хаттамасы.
  3. Шығармашылық мінездеме.
  4. Үміткердің жеке іс қағазы.
  5. 2 дана суреті (3*4).
  6. Ұсынылған еңбектің 30 данасы.
  7. Тұлғаны растайтын құжаттың көшірмесі (жеке куәлік немесе төлқұжат).
  8. Шығарманың авторы және шығарма жөнінде қысқаша нақты мәлімет (мемлекеттік және ресми (орыс) тілдерінде).
  9. Сәулет өнері туындылары бойынша ғимараттардың, кешендердің өндіріске енгізілуін және авторлық құқықты растайтын құжаттар қоса тіркелуі тиіс.

6-шы пунктке байланысты түсініктеме.

Кітаптар, ноталық жазбалар, бейнелеу өнері туындыларының өнімдері, сәулет өнерінің схема-сызбалары, ғимараттардың, кешендердің т.б. фотосуреттері, кинофильмдер мен спектакльдерден бейнетаспалар немесе фотокөріністер, концерттік қойылымдар мен орындаушылық өнердің бейне немесе аудио-таспалары 30 дана етіп ұсынылады.

Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын еңбектер және тиісті құжаттар мына мекен-жайда қабылданады:

010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8-үй, «Министрліктер үйі» ғимараты, 15-кіреберіс, 263, 525-бөлмелер, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, comcult_@mail.ru, тел.: 8 (7172) 74-04-75, Г.С. Мырзашева 8 701 218 73 40

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар