26 сәу, 2020 сағат 06:00

Абай шығармалары мажар тіліне қалай аударылды?

Ұлы ақын Абайдың мерейтойында оның баға жетпес туындыларының дүние жүзінің әдеби мұрасына қалай қосылғаны, шығармаларының қандай деңгейде аударылғаны жөнінде де ой толғайтынымыз белгілі, - дейді Мажарстандағы Сегед университеті Алтаистика кафедрасының қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Раушангүл Мұқышева.

Ғалымның пікірінше, Абай шығармашылығының тек қазақ емес, әлем әдебиетінің рухани игілігіне айналғаны шындық. Әдеби байланыстардың дамуын көркем аударма, әдебиеттердің бір-біріне өзара ықпалдастығы мен әсері, әдеби зерттеу және сын тұрғысынан қарастыру ‒ әлемдік әдебиеттану ғылымында орныққан зерттеу тәсілі. Осының ішінде Абай мұрасының мажар тіліне аударылуы да соның бір жарқын көрінісі, - деп жазады ҚазАқпарат.

Алғаш рет 1956 жылы Абайдың «Сабырсыз, арсыз еріншек» өлеңі Дьөрдь Радоның аудармасында мажар тілінде (»Rút hencegő») Әлем әдебиеті антологиясының IV томында жарияланды.

1969 жылы мажар тілінде жарияланған «Қазақ әдебиетінен үзінділер» жинағында қазақ ауыз әдебиетінің туындыларынан кейін Абай Құнанбайұлының өлеңдерінен аудармалар берілген. Ақынның «Жаз» өлеңі ─ Имре Тренчени Валдапфелдің аудармасында, «Жұмбақ», «Күлембайға», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңдері Дьөрдь Радоның аудармасында берілген. Сондай-ақ Абайдың жеті афоризмі мажар тіліне аударылған.

Орыс тілі арқылы аударылғанына қарамастан, бұл аудармалардың көпшілігі сәтті шыққан. Мәселен, «Қалың елім, қазағым қайран жұртым» өлеңіндегі ой да, образ да шамалы ауытқуларға қарамастан мажар тілінде нақты, барынша дәл тәржімаланған. «Қартайдық қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңін де ұтымды аудармаларға жатқызуға болады. Осы өлеңдегі: «Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек, Әр нәрсеге өзіндей баға бермек»,- деген қос тармақтағы тұрақты тіркестің (қара қылды қырыққа бөлу) мағынасын да, сол күйінде аударған: «A bölcsek mindennek melyet fürkészik, A hajszálát is negyvened részéig …»

Қазақ елі тәуелсіздік алып, қазақ әдебиеті әлем тілдеріне аударыла бастағанда Абай шығармалары қазақ тілінен тікелей мажар тіліне аударылды. Алғаш рет қазақ тілінен мажар тіліне аударылған қазақ ақындарының өлеңдер жинағы «Дала ұлдары» атауымен жарық көрді. Аудармалардың авторы ‒ Лайош Көрменди. Бұл жинаққа Абайдың «ϴлең ─ сөздің патшасы, сөз сарасы» (алғашқы 3 шумағы), «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап», «Ғылым таппай мақтанба!» атты 3 өлеңі енді. Қысқа болса да, бұл өлеңдерді дәлдігі, ырғақ-буын сәйкестігі жағынан сәтті шыққан аударма деуге болады. Себебі бұл өлеңдерді аударуға түркітанушы Иштван Мандоки Қоңыр, Йожеф Торма секілді қазақ тілін жоғары деңгейде меңгерген ғалымдар көмектескен. Бұл жинақта Махамбет ϴтемісұлы, Ғали Орманұлы, Жұбан Молдағалиұлы, Сырбай Мәуленов, Олжас Сүлейменов және тағы басқа ақындардың өлеңдері де бар.

«Сонымен бірге, қазақ тілінен аударма сабақтарында студенттеріммен бірге Абайдың қара сөздерінен аздап аударып, оқып жүрміз. Біраз өлеңін де мажаршалауға талпыныс жасадық. Алайда Абай шығармаларын басқа тілге сапалы аудару үшін сол елдің кәсіби аудармашыларын, ақын-жазушыларын тарту керек, бірақ бұл мәселе қаражатсыз шешілмейді.

Дегенмен Абайдың әдеби мұрасы мажар оқырмандарына аз да болса таныс. Мажар әдебиеттанушылары оның терең ойлы, көркем поэзиясын әлемнің атақты ақындарының шығармаларымен қатар қойған. Мажар тіліндегі «Әлем әдебиеті антологиясында» Абай есімі әлем таныған Байрон, Шиллер, Пушкин секілді ақындармен иықтасып тұр. Мажар ғалымдары оның қазақ әдебиетіндегі орнын тура танып, жазба әдебиеттің негізін қалаушы ретінде қабылдап, қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларын Абайдың айналасында зерттейді.

Аудармалардың дені кеңес дәуірінде жасалса да, Қазақстан тәуелсіздік алған соң мажарлар қазақ әдебиетін, Абай шығармаларын зерттеуге ұмтылып, қазір де зор қызығушылық танытуда. Будапешт қаласында Абайға ескерткіш орнатылып, мәдени іс-шаралардың ұйымдастырылуын мажарлардың Абайға, қазақ ұлтына деген зор құрметі деп білу керек. Мажарстандағы Сегед университетінің Алтаистика кафедрасында Қазақстан елшілігінің қолдауымен екі рет Абай оқулары өткізілді. Ақынның шығармашылығы мажар тіліне әлі де көп аударылып, әдеби зерттеулердің негізі болары күмәнсіз. Ақынның өзі: «Біреуден біреу алып, елге тарар. Бір кісі емес жазғаным жалпақ жұрт қой», - десе, оның рухани мұрасы тек қазақ емес, жалпақ жаһанға тарады»,- дейді Раушангүл Мұқышева.