31 мам, 2020 сағат 08:19

Абайды алалап, Мұхтарды мұқатуға көнбеген қайсар ғалым

ХХ ғасырдың басынан бастап қазаққа пайда ойлаған адамның бәрі қуғын-сүргіннің құрбаны болып, жауыздықпен жанышталып жатты. Солардың қатарында Абай әлемін зерттеп, ойшылдың еңбегін қазаққа шамшырақ етіп ұсынғысы келген зерттеуші ғалымдар да бар. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай бүгін осы саланың көрнекті өкілі Қайым Мұхамедхановтың солақай саясаттан көрген қысастығы туралы мақаланы ұсынғалы отырмыз. Бұл мақала Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедханның әкесі жайлы жинаған деректеріне сүйеніп жарияланып отыр.

Ұлы Абайдың 175 жылдығын биыл мемлекеттік деңгейде атап өтіп, ақын әлемінің тереңіне үңілер болсақ, оның мұрасын түгендеуге зор үлес қосқан тұлғаларды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Себебі олардың еңбегі мен ерлігі болмағанда абайтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайша айтқанда бүгін «алды жоқ, арты жоқ, кең жапан далада жалғыз жүрген Абайды көріп білгендей екенбіз». Қайраткерлікке белді бекем буған Қайым Мұхамедханов Алаштың Абай мұрасынан айырылып қала жаздаған алмағайып заманында әділетсіз айыптаулар мен адам төзгісіз азаптауларды бастан кешірді. 

Тұрсын Жұртбай Қайым Мұхамедханов жайлы сөз қозғағанда оны «Абайдың рухани қормалы, Мағжан мен Мұхтардың рух жасауылы» (Егемен Қазақстан, Қайым-қиямет, 2016 ж. 7 қаңтар) деп атайды. Расында да, қайраткердің өмір жолына зер салсаңыз, «Өлсем, Алаш азаматтарынан жаным артық емес» деген қағидатқа өмірінің ақырына дейін адал өткеніне көзіңіз жетеді. 

Қайым қалай қалыптасты?

Қайымның ұлттық рухты сіңіріп өсуіне әкесіМұхамедхан Сейтқұловтың ықпалы ерекше болғанын айта кету керек. Мұхамедхан Сейітқұлов - бірнеше тілді жетік білген, қазақ халқының рухани дамуына зор ықпал еткен тұлға. Оның үйіне Абай мен Шәкәрім, сол тұстағы қайраткерлер, жазушылар жиналатын еді. Қайым ұлт зиялыларын бала кезден көріп өсті. Оқу-білімге құштар болды. Алаш зиялылары Семейдегі (Заречный слободкада, ескі атауы «Алаш») Сейтқұловтың үйін кездесу орны ретінде таңдады. Алты жастағы Қайым әкесінің үйінде алғаш рет Мұхтар Әуезовті көрді. Ол мұнда жиі қонақта болатын. Қайымның әкесі Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» пьесаларының алғашқы репетициясын жасауға қолайлы жағдай жасады. 

Мұхамедхан Сейтқұловтың қаржыландыруымен «Сары-Арқа» газетінің, 1918 жылдан бастап Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің редакциясымен «Абай» журналының шығарылуы – оның өз заманында ағарту ісіне ерекше мән бергенін танытады. Ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейхан Семейдің солжағалауында өткен жиында қалаға бастапқы «Алаш» атауын қайтару туралы мәселе көтерген кезде Мұхамедхан Сейтқұлов оған қолдау білдірген. 

Гүлнар Дулатова да әкесі Міржақыптың Мұхамедханмен достығын еске алып отырады екен. 1911 жылы Мұхамедхан Міржақыпты кепілдік салып, тұтқыннан босатып алған. Ал Шәкәрімнің белгілі фотосуреті Мұхамедханның үйіне келген кезде түсірілген. Сондай-ақ ол Шәкәрімнің қамаудан босап шығуына көмектеседі. 

«Алаш арыстары туралы сөз қозғайтын болсақ, әкем Мұхамедхан Сейітқұлов туралы айтпай кете алмаймын. Мұны енді оқырман қауым дұрыс түсінуін өтінемін. Менікі кейбіреулер сияқты көрпені өзіме қарай тарту емес. Ал әкем туралы айтатын болсам, оған оның Алаш арыстарымен жақын сыйластығы себепкер. Біздің үй онда Мұхаңның ұлы ақын туралы ұлы эпопеясынан қалың оқырманға белгілі атақты Тінібай мешітінің іргесінде еді. Иә, мақтанды деме, қарағым, сол еңселі шатырлы үйде кімдер болмаған десеңші! Айталық: Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл болып бұл тізім жалғаса береді. Алдыңғы ағалардың асыл жүздері есімде еміс-еміс сақталса, кейінгілерді есейіп қалғанда көргендіктен бәрі де есте. Сонда да бұлардың қай-қайсысы туралы болмасын, ең алдымен әкем айтқан естеліктерге жүгінсем деймін», - деп еске алады кейін әкесін Қайым.

Туған үйдің жылуы, қоршаған ортасы, білім өрісі – ғылыми-мәдени құндылықтарды сақтауды ниет еткен Қайымның қалыптасуына ықпал етті.

Мұхамедхан Сейтқұлов 1921-1937 жылдар ішінде қуғын-сүргінге ұшырап, ақыры атылып кеткен. Осы кезде бір үйді асырау қиындығы 15 жастағы Қайымның мойнына артылған еді. Ол кемежайда жүк тасушы, жұмысшы, кадр бөлімі қызметкері, мәдениет қызметкері, мұғалімдік қызмет атқарды. Екі жылдық қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін әзірлеу курсынан кейін Семей пединститутына түсіп, 1941 жылы экстернмен аяқтайды. 17 жастан бастап Семей қаласының әртүрлі мекемесінде сабақ береді. Үздік педагог-тәлімгер өмірінің 60 жылдан астамын жастарды тәрбиелеу және білім беру ісіне арнаған. 

Абай үшін үнемі күресуге тура келді

Мұхтар Әуезов Қайым үшін ғұмыр бойы тәлімгер және ұстаз болып қалды. Шәкірт ұстазына өмірінің соңына дейін адал болды. Адамдарды жақсы танитын Мұхтар Қайымның бойынан ерекше дарын, имандылық пен адалдықты байқайды. Қайымды Абай туралы роман-эпопея жазу барысында түрлі тапсырма орындайтын ғылыми тілші етіп алады.

1930 жылдардың аяғы - Абай мұрасы, оның шәкірттері мен ізбасарларына жойылып кету қаупі туындаған шақ еді. Абай сөзі бұрмаланып, шығармалары ғылыми тұрғыда зерттелмеді. Қолжазбалары мен жеке заттары жоғалып, көзін көрген қариялар азайды. Осы кезде Мұхтар Әуезов қазақ мәдениетінің елеулі бөлігін сақтау үшін шәкірті Қайымға біршама міндет жүктейді. Осылайша жас Қайым Абайдың тұңғыш мұражайын ашуға негіздеме қалау, Абай шәкірттері мен ізбасарларының мектебін құру және сақтау, ойшыл-ақынның құнды сөзін текстологиялық талдау әдісімен сақтап қалу міндетін мойнына алады.

Қайым жүк көлігімен шалғай ауылдарға айлап сапар шеккен. Абайды көзі көрген қариялармен, өмірі мен шығармашылығынан хабардар адамдармен әңгімелесіп, тұрмыстық заттардың, киімдер мен кітаптардың, Абай қолжазбаларының шынайылығын нақтылады. 1940 жылы Қазақстанда, Семей қаласында тұңғыш Мемлекеттік әдеби-мемориалды Абай мұражайын ұйымдастыруға өлшеусіз еңбек сіңірді.Мұражайды нөлден бастап құру – әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Кейбіреулер іргетасын құруға жауапкершілік алады. Қайым ұстазы Мұхтармен бірге Семейде алғашқы ғимаратты таңдады. Ал Қайымның досы және әріптесі Борис Акерман іс-сапарлар мен зерттеулер кезінде үнемі жанынан табылды. Сол кезеңде 500 жәдігер нақтыланып, барлығына ғылыми сипаттама беріліп, мұражай бойынша толық «Жолбасшы» құрал жазылды. Мұндай негіздемесіз мұражайдың құрылмасы анық еді. 

Қызметін мұражайда аға ғылыми қызметкер болып бастаған Қайым жоғары оқу орнында сабақ беруін жалғастыра береді. Ал 1947 жылы мұражай ҚазССР-і Ғылым Академиясы қарамағына өткізілген кезде және ғылыми қызметті сақтап қалу мақсатында академия Президенті Қаныш Сәтбаевтың бұйрығымен ол Мұражай директоры болып тағайындалып, 1951 жылы репрессияға дейін басшылық етті. Қайым сонда да педагогикалық қызметін ешқашан тастамаған. 

«Қазір бұған сену өте қиын. Дегенмен Абай үшін үнемі күресуге тура келді. Әкем Абайдың 100 жылдығын биліктен қолдау болмаса да лайықты өткізді. Абайдың Жидебайдағы қыстауын қайта қалпына келтіру, ақын және туған-туысқандарының зиратын жақсарту қажет болды. Абай бейнесін мүсін және бейнелеу өнерінде мәңгілік есте қалдыру жұмыстарын ұйымдастыру, зауыттарға хат жазып, материалдар іздеу, Абайға және оның айналасына қатысты жерлерде мемориалдық тақта орнату туралы іздену қажеттілігі туындады – қазір бәрін тізбелеу мүмкін емес. Сол жылдардағы хаттар мен мұрағат құжаттары – соның айғағы», - дейді ғалымның қызы Дина.

Абай мұрасын сақтап қалу үшінбір мезетте көп шаруа тындыру қажет еді: ауызша сақталған шығармаларын қалпына келтіру, жазбаша үзінділерді мұқият оқып, қай шәкірттікі екенін текстологиялық талдау әдісімен анықтап, дәлелдеу қажет болатын. Ал уақыт тығыз – қариялар азайды, өлеңдері ұмытыла бастады, қолжазбалар жоғалды. Бұл – қазақ мәдениетінің елеулі кезеңі. Семейлік ғалымның еңбегі сол – ол алғаш рет Абайдың әдеби мектебіне ғылыми негіздеме қалады. Бұл төңкеріске дейінгі және қазіргі қазақ әдебиеті арасында өзіндік «көпірдің» ашылуы болды. Абай мектебі, бұл – қазақ әдебиетіндегі бірегей мектеп. Жалпы әлем әдебиетінің өзінде әдеби мектептердің болуы бірен-саран ғана. 

Абайдан оқыған, кеңесін тыңдаған, сол арқылы орыс, әлем және шығыс мәдениетімен танысқан бір топ ақын-жырау, сазгерлер мен ертегішілер, әншілер – тұтас Абай мектебі еді. Абай шәкірттері ұлы ойшыл, ақынның гуманистік және философиялық көзқарасының әсерінде болды. Олар – ақынның өз ұлдары және жас ақындар Әубәкір, Әріп, Әсет, Баймағамбет, Көкбай, Мағауия, Тұрағұл, Шәкәрім, Алаш зиялылары тәрізді ізбасарлары. Қайым Мұхамедханов Абай мектебі ақындарының есімдерін қалпына келтірді. Олардың өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер жинап, толық өмірбаяндарын жазды. Бәрінен бұрын, ол Абай шәкірттері мен ізбасарларының шығармаларын қалпына келтіру бойынша ірі іздестіру-зерттеу жұмысын жүргізіп, ғылыми түсінік беріп, баспаға әзірледі. Абай шәкірттері мен ізбасарлары мектебі – ғылымдағы жаңа бағыт, оны, нақты айтқанда, мәдениеттің бір кезеңін анықтап және сақтап қалған Қайым болатын. 

Түрмедегі азап

Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың әдеби мектебі» диссертациясын (1951 жылдың 7 сәуірі) қорғауы – еліміздің тарихындағы елеулі оқиғаның бірі еді. Диссертация қорғалғанымен Әуезов пен Мұхамедхановты айыптау күшейе түсті. Мұның соңы Мұхамедхановты Абай мұражайы директоры және оқытушы қызметінен босатумен аяқталды. Соңынан Қайым 1951 жылы 1 желтоқсанда тұтқынға алынып, Семей және Алматыдағы НКВД түрмесіне, Қарағанды лагеріне қамауға алынды. 

Ғалымның түрмеде қандай азап көргенін Тұрсын Жұртбайдың e-history.kz ақпарат көзіне берген сұхбатынан оқуға болады. 

Тергеушілер «Сен жас ғалым әрі директорсың. Үйің бар, бала-шағаң күтіп тұр. Біз қажетті құжаттарды дайындап қойдық. Бізге бір ғана мойындау керек. Маған осы тақырыпты ұсынған және ғылыми жетекші болған – М. Әуезов десең болды» дейді. Қайым еш көнбеген. «Егер мен мойындасам, Әуезов кетеді. Әуезов кетсе, Абайымнан түк қалмайды...» деп ойлайды. Тістеніп «Алашымның» шумақтарын қайталап, ұрып-соғулардың бәріне де төзіп бердім дейді. 

«Бір күні мені басқа камераға алып барды. Іші жып-жылы екен. «Еее, мынау жақсы болды ғой» деп отырғанымда табаным күйе бастады. Қабырғаны ұстасам ыстық, құбыр да ыстық. Бір уақытта бүкіл денемді күйдіріп әкетіп барады. Бірақ «есіме әкемнің «табаны күйген адам ешқашан адам болмайды» дегені түсті. Құбырдан ұстадым. «Көп болса алақан күйер, алақан күлдіреп ойылып кетсін, өлмеймін» дедім да тас жабыстым. Бір сағат па, екі сағат өтті ме, есімді жисам, ұрып жатыр екен. Қолымды сыртынан ағашпен аяусыз соғып жатыр, ал қолым ана құбырға жабысып қалған екен. Естіп жатырмын: «өлген жоқ, тірі жатыр» деді. Екі күннен кейін тағы бір камераға алып келді. Ыстық камераға қамайды-ау деп үрейлене бастап едім, жоқ, мұның іші салқын болып шықты. «Салқынға шыдауға болады» деп тұрғаным сол еді, қабырғасын ақ, бозқырау басқан, кәдімгі үскірік жүргендей өте суық камера екен. Оны дайындарда 35-40 градус аязға дейін жеткізетін болуы керек. Адам екі күнге аязға шыдайды, содан кейін есі кете бастайды дегенді білетін едім. Ұзыны екі метр, ені бір метр камераның ішін айналып жүгіре бердім, жүгіре бердім. Аяғым қалай икемге келсе, солай тоқтамауға тырыстым. Құлағанымды білемін, есімді жисам, аналар тағы ұрып жатыр екен, суықта ұрғанда адам денесі ауырсынуды сезбейтінін білдім. «Мынау өлмепті, тірі екен» деді біреуі. Үшінші жолғысында аналар «Әй, қоясың ба, жоқ па, мойындай салсаң қайтеді» деп сұраса, «Жоқ, өлсем өлейін, ештеңе айтпаймын» деп тістеніп тұрғаным сол, екі дәу келді де, үлкен бір қапты кигізе салды. Содан қолында резеңке сойыл, онымен бас-көзге қарамай төпелегенде, әсіресе саусақтарға тигенде денеңді тызылдататын. Резеңке сойыл тиген жер көгермейді екен, ертесінде орнымнан қозғала алмай қалдым. Аналардың айтатын сөзі: «Мынауың әлі тірі...» - деп келтіреді Қайымның сөзін шәкірті Тұрсын Жұртбай.

Шектен шыққан азаптаулар – ыстық және суық камера, тырнақ астына ине жүгірту, басқа су тамызу, моральдық қысым және өлім жазасымен қорқыту Қайымның ерік-жігерін сындыра алмады. Ол «Абай мектебі бар» деп жауап берді. Содан ешбір мойындата алмаған соң, әуелгіде кесілген ату жазасы 25 жылдық түрме үкіміне ауыстырылып, Сібірге айдалды.

Ғалым ғылыми идеяларынан бас тартпады. Қазір халық мақтанышына айналған Абай мектебін сақтап қалды. 

«Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған...»

Қайым Мұхамедханов – Қазақ ССР-і мемлекеттік Гимні мәтінінің авторы (1945). 27 жастағы жас жігіт 1943 жылы конкурс жеңімпазы атанды – ол Республика Гимнін жазды, алғашқы жолдары «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталады. О заманда мұндай жалын атқан сөзді тек нағыз патриот қана жаза алатын. Бұл мәтін 30 жасар композитор Мұқан Төлебаевты музыка жазуға шабыттандырды. Бұл гимн бірнеше онжылдықтар бойы айтылғанын ұмытпаған жөн! Дегенмен сол замандағы билік өз халқын ер, ержүрек деп айтуға жасқанатын, сол себепті «ер» сөзін «біз» деген сөзге ауыстырып, жекелеген авторлар – жас ақын (Қ.Мұхамедханов) және жас композитор (М.Төлебаев) яғни, «серіктестер» ұжымы атынан шығарды.

1992 жылы Қайым тәуелсіз Қазақстанның Әнұранын шығаруға арналған байқауға қатысып, мәтіні тағы жеңіске жетті. Бірақ бұл жолы Қайым «авторлар ұжымын» қосатын болғандықтан қатысудан бас тартты. 

Мәлімет пен фотосуреттер Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедханнан алынды.

Аян Бекенұлы, ҚазАқпарат