20 мам, 2020 сағат 09:01

Аида Балаева: Бейбіт жиналыстар туралы заң жобасы қоғам талабына сай келеді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «ҚР-да бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасының әзірленуіне белсенді атсалысқан депутаттар мен азаматтық қоғам өкілдеріне алғысын білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Парламент Мәжілісінің депутаттары мақұлдаған «ҚР-да бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы – Президенттің саяси реформалары пакетіндегі басты бастамалардың бірі. Бейбіт жиналыстарды өткізу еркіндігі біздің елдің Конституциясымен бекітілген. Бұл құқық – демократиялық қоғамның негізгі элементтерінің бірі. Заң жобасы әртүрлі қоғамдық алаңда талқыланып, жұмыс тобының отырысы көп жерде өтті. Парламентте ҮЕҰ өкілдерінің, ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен ашық түрде және кеңінен талқыланды», - деді Аида Балаева заң жобасына қатысты білдірген пікірінде.

Министр заң жобасының ашық талқылаудың арқасында Парламент Мәжілісі мен Сенаты қабырғасында заң жобасы едәуір концептуалдық өзгерістерге ұшырағанын айтып өтті.

«Мақұлданған жобалар халықаралық үздік тәжірибелермен бірге, біздің қоғамның талабы мен сұранысына сай келеді. Заң жобасының әзірленуіне белсенді атсалысқан депутаттар мен азаматтық қоғам өкілдеріне, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне алғысымды білдіремін», - деді министр.

Еске сала кетсек, Мәжіліс депутаттары бүгін «ҚР-да бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қолдап, дауыс берген болатын.