04 сәу, 2019 сағат 11:19

Аида Балаева: Еліміздегі ғылыми жобаларға сұраныс нарығын құру керек

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Тұрақты даму және инновациялар бойынша екінші Орталық Азия форумы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Ғалымқызының айтуы бойынша, әлемнің үздік оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинаған қазақстандық жас ғалымдардың бірігуі - құптарлық қадам. Бұл жағдайда елімізде ғылыми жобаларға сұраныс нарығының құрылуы оңтайлы болмақ.

Сонымен қатар ол бұл мәселеде қазақстандық бизнес-қоғамдастықтың қолдауы маңызды екенін атап өтті. Осы орайда бизнес тарапы отандық ғалымдардың әлеуетті жобалары туралы егжей-тегжейлі хабардар болғаны абзал.

«Сіздердің бизнеспен өзара іс-қимылдың оңтайлы тәжірибесі еліміздің барша жас ғалымдарын ортақ тұғырнамада біріктіруге және ғылым мен бизнестің конструктивті диалогын іске қосуға көмектесуіне тілектеспін», - деді А. Балаева.

ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушіснің пікіріне сүйенсек, Қазақстан жастарын ғылымға тарту үшін де қажетті жағдайлар жасалып жатыр. 

Аида Ғалымқызының атап өтуінше, бүгінгі шара Елбасы жариялаған Жастар жылы аясында өтіп жатқаны символдық мәнге ие. Бұл, өз кезегінде, қазақстандық ғылымды дамытуға тың серпін беруде маңызды кезең болады.

«Еліміз басшылығының саясаты арқасында бүгінде Қазақстанда жастарды ғылымға тарту үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Ғылымды дамыту - жаһандық әлемде Қазақстанның бәсекеге қабілеттігінің негізгі факторы ретінде мойындалады. Елбасы тапсырмасы бойынша жыл сайын жас ғалымдардың зерттеулерін жүзеге асыруға үш миллиард теңгеден қосымша квота бөлінетін болады», - деді ол.

Сондай-ақ, оның айтуынша, еліміздің жас ғалымдары қазақстандық және әлемдік ғылымды дамытуға лайықты үлесін қосып келеді.

«Ғылымды дамыту - жаһандық әлемде Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы ретінде мойындалады», - деді Аида Балаева.

Президенттік бірегей «Болашақ» бағдарламасының арқасында жас ғалымдар өздерінің зерттеулерін әлемнің озық ғылыми орталықтарымен серіктестікте жүргізіп жүр.

«Сонымен қатар, стартаптар мен жаңа технологиялық өндірістерді дамыту үшін маңызды экоорта ретінде Назарбаев Университетінің ғылыми-инновациялық паркі белсенді дамып келеді. Үздік білім мен тәжірибені алған біздің жас ғалымдар қазақстандық әрі әлемдік ғылымды дамытуда өзінің лайықты үлесін қосатынына сенімдімін», - деді Аида Балаева.

Айта кетейік, іс-шараны ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығы және Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігі ұйымдастырды.

Форум мақсаты - идеялар мен жобаларды ілгерілету үшін жас ғалымдарды біріктіру, әлеуетті инвесторлармен және серіктестермен байланыстарды орнату.