16 нау, 2020 сағат 11:10

"Саналы қоғамбыз ба, әлде ала-құла тобырмыз ба?.."

Біз өзі бір халық боп ұйысып, бас қосқан ұлтпыз ба, еркін де саналы азаматтар бас қосқан қоғамбыз ба, әлде жайылып жүрген ала-құла тобырмыз ба?! Әлде осы территорияда уақытша өмір сүріп жүрген біреулерміз бе?! Осыны ұқпай-ақ қойдым мен.

Жұрттың бәрі жазып жатыр, өзімнің де көзім жетті. Гигиеналық маскалардың бағасы ұшып тұр, қолға жағатын гельді жақында аукционға шығаратын шығар, жеміс пен көкөністің, ет пен өзге азық-түліктің құны аспандап кеткен. “Біреудің қорасы өртеніп жатыр екен, барып қойымның басын үйтіп алайын” дегеннің кері. Иммунитетті көтере қалайық деп қымыз алуға барсақ, кеше ғана 500 теңге тұрған қымызды беті безерген сатушымыз шімірікпестен 1000 теңге деп бақырайып тұр! Көкем-ау, сүт беретін бие мен короновирустың бір біріне не қатысы бар сонда?! 

Айналайындар-оу, мынандай жағдайда өзге ел болса, бір біріне көмектесіп, септесіп, қамқор болып жатады. Біздің ниетке не болған?! Ертең, Құдай бетін әрі қылсын, соғыс бола қалса, бір бірімізді атып, қарық боп қалармыз мына түрімізбен. Кеше талай ұлтты бауырымызға басқан ел едік қой, бауырмал, ағайыншыл-туысқаншыл халық едік қой. Қазір қандай күйге түскенбіз?! Айтып айтпай не керек, мемлекеттік органдар мына ұшып тұрған бағаларды бақылауға алмаса, ертең дүкенге аштан бұратылып барып тұрсаң да, ешкім міз бақпайды-ау. Жүректеріміз қатайып кетіпті, соны айтайын сіздерге!

Ақберен Елгезектің фэйсбуктағы жазбасынан