31 қаң, 2020 сағат 09:05

Ақсай қаласында Абайдың ескерткіші орнатылатын болады

Ақсай қаласында Абайдың ескерткіші орнатылатын болады, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайран Дүйсентегінің айтуынша, ескерткіштің эскиздік жобалары облыстық комиссиядан өтіп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жіберілді. «Республикалық комиссия қарағаннан кейін жұмыс әрі қарай жалғасатын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне С.Дүйсентегі.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің басшысы Света Ғаниеваның сөзіне қарағанда, өңірде Абайдың 175 жылдығына орай мерекелік іс-шаралар жоспары жасалды.

Арнайы құрылған жұмыс тобы түрлі форматтағы 861 іс-шараны бекітті. Соның ішінде төртеуі – халықаралық, алтауы – республикалық, қалғандары – облыстық, қалалық, аудан, ауылдық деңгейде өтетін шаралар. Абайдың 175 жылдығына арналған шаралар қаңтар айында-ақ басталып кетті.

Дегенмен ресми түрде 18 ақпан күні Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өтетін «Абай мұрасы – қазақтың рухани қазынасы» атты салтанатты шарадан бастау алады. Сондай-ақ Оралда халықаралық деңгейде «Абай мұрасы – әлемдік мәдениет қазынасы», «Абай Құнанбаев: ХХІ ғасырдағы білім және ғылым» атты конференция, «Абай-Пушкин» атты жастар форумын ұйымдастыру жоспарланса, Шыңғырлау ауданында «Абай әлемі: қазақ әдебиеті мен тілінің бүгіні, болашағы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Қазталов ауданында «Абай және Пушкин» халықаралық конференциясын өткізу ойластырылуда.

Оған қоса облыс орталығындағы Абай алаңы қайта жаңғыртылмақ. А.С.Пушкин музейінде Абай экспозициясы жасақталып, шаһарда жазушылар аллеясын ашу жоспарланды. Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры М.Әуезовтің «Абай» спектаклін жұртшылық назарына ұсынбақшы. Абайдың аудармалары бойынша қуыршақ театры балабақша бүлдіршіндеріне арнап қойылымдар қояды. Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиевтің «Абай әндері» атты концерті де ұйымдастырылады.

Айта кетейік, бұған дейін Абайға арналған ескерткіш Орал қаласы мен Тасқала ауданы орталығында бой көтерген болатын.