01 мау, 2020 сағат 15:16

АҚШ-та алтыншы күн наразылық: көшеде жаппай тәртіпсіздік, Трамп бункерде

АҚШ-та әлеуметтік теңсіздік пен нәсілшілдікке қарсы жаппай наразылық шерулері алтыншы күн жалғасып жатыр. Бірнеше қалада шеру тәртіпсіздікке ұласқан.

Наразылық Миннесота штаты Миннеаполис қаласының афроамерикалық тұрғыны Джордж Флойдтың полицей қолынан қаза табуынан кейін басталған.

Тәртіпсіздікке байланысты 40 қалада комендант сағаты енгізілген. Бірақ адамдар комендант сағатына байланысты шектеулерді елемей жатыр. Нью-Йорк, Чикаго, Филадельфия және Лос-Анжелес қалаларында тұрғындар мен полиция арасында қақтығыс болған. Полиция жиналған жұртты тарату үшін көзді ашытатын газ бен резеңке оқтарды пайдаланған. Бірнеше қалада дүкендерді тонау, полиция көлігін өртеу фактілері тіркелген.

АҚШ билігінің төтенше жағдайда жүгінетін ұлттық гвардиясы тәртіпті сақтауға бес мың сарбазды жұмылдырғанын айтты. Олар ел астанасы Вашингтон қаласы мен 15 штатты өз қарауына алған. Наразылық білдірушілер көшелерде от жағып, арнайы жасақ қызметкерлеріне тас лақтырып жатыр.

Жұма және сенбі күндері АҚШ президенті резиденциясының алдында шулы манифестация өткен болатын. АҚШ құпия қызметі алты адамның тұтқындалғанын хабарлаған. Наразылардың күзетпен қақтығысуы да тіркелген. Кей наразылар темір барьерлерді ысырып тастауға тырысқан және құпия қызметтің адамдарына кірпіш, тас, бөтелке және өзге де заттар лақтырған.

Сонымен қатар жұма күні ел президенті Дональд Трамп әйелі және ұлымен бірге қысқа уақытқа Ақ үй астындағы жерасты бункерге тығылған.

Наразылар Флойдты тұтқындауға қатысқан төрт полицейдің барлығын жауапқа тартуды талап етіп жатыр.

25 мамыр күні Миннеаполис полициясы 46 жастағы Флойдты жалған ақша қолданды деген күдікпен тұтқындамақ болған. Қолына кісен салып, жерге жатқызылған соң Дерек Шовин дейтін полицей бар салмағымен Флойдтың тамағына тізелеп отырып, оның ауа жетпей жатқаны туралы шағымын елеусіз қалдырған. Жағдайы нашарлаған Флойд ауруханаға жеткізіліп, реанимацияда көз жұмған. Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде жылдам тарап, полицей әрекеті нәсілшілдік деп бағаланып, халық ашуын тудырды.

Қаза тапқан Флойд қара нәсілді болса, оны тұтқындамақ болған төрт полицей ақ нәсілді болған.

Флойдты тұтқындаған төрт полицей қызметтік тергеу аяқталғанша жұмыстан босатылған. Ал Шовин қамауға алынған. Оған абайсызда кісі өлтірді деген айып тағылып отыр.

Бір күн бұрын АҚШ президенті Twitter-де мүшелері тәртіпсіздікке қатысы бар деп айыпталған “Антифа” ультрасолшыл қозғалысы террористік ұйымдар тізіміне кіргізіледі деді.