23 мам, 2020 сағат 09:02

Ақтөбе облысында ауылдан шықпаған адам коронавирус жұқтырған

Ақтөбеде тағы 10 адам індетке шалдықты. Оның екеуі аудан тұрғыны, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Зертханалық зерттеу кезінде 55, 61, 33, 30, жастағы ер адам мен 6-7 жастағы баладан вирус анықталды. 40 жастағы қала тұрғыны да індетке шалдыққан. Сонымен бірге Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласы, Ойыл ауданының орталығында тұратын екі адам вирус жұқтырған. 

«Ойыл ауданының 59 жастағы тұрғыны індет басталғанда ауылынан шықпаған. Бірақ оның үйіндегі адамдар Ақтөбе қаласына келкен. Қазір қайдан жұқтырғаны анықталып жатыр. Отбасының басқа мүшелері тасымалдаушы болуы мүмкін», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Сондай-ақ Санкт-Петербург қаласынан келген Түркістан облысының 1990 жылғы тұрғынынан коронавирус табылды.

«Соңғы тәулікте тіркелгендердің екеуінен вирус скрининг кезінде анықталды. Төртеуі профилактикалық мақсатта тексерілген. Бір адам бұған дейін коронавирус жұқтырған адаммен жақын қарым-қатынаста болған. 2 пациент дене қызуы көтеріліп, дәрігерге қаралған. Қазіргі уақытта пациенттер жұқпалы аурулар ауруханасына оқшауланды. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Хаттамаға сәйкес тиісті ем қабылдауда», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қазір облыста барлығы 252 адам індетке шалдығып, 168-і емделді.