27 шіл, 2017 сағат 08:37

Алаш зиялылары преференциялық зайырлылықты таңдаған еді

Ақпан төңкерісінен кейін Қазақ жерінде большевиктердің басты қарсыласы болған Алаш партиясының өкілдері мемлекет құруда Ресейге автономия бола отырып, Ш.Монтескье негізін салған тепе-теңді тежемелі жүйеге негізделген заң шығарушы, атқарушы, сот жүйесі қамтылған жоғары саяси ұйым құруды көздеді. Ал, дін мәселесінде преференциялық зайырлылық үлгісін жақтады. Олай деп айтуымыздың себебі, Алаш зиялылары 1905 жылғы Патшаға жазған «Қарқаралы петициясында» ислам құндылықтарының заңмен қорғалуын талап етті.

Алаш зиялылары «Қарқаралы петициясында» өздерін мұсылман қазақ (қырғыз) деп атау (1 бап), мұрагерлік ісін толығымен молда мен  шариғатқа бағындыру (12 бап), дін адамдарын қамтамасыз етуді Қазан мұсылмандарымен теңестіру (21 бап), қажылыққа баруға шек қоймау (22 бап), қажылыққа барушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету (23 бап), миссионерлерге тыйым салу (24 бап), кәмелетке толмаған жастардың басқа дінге өтуіне тыйым салу (25 бап), мешіт пен медресе үшін «Вакуф»қа рұқсат беру (28 бап), мұсылман дінбасылары православ қызметкерлері сияқты құрметті болу (31 бап), мектептерде мұсылмандық пәндерді міндетті түрде оқыту (32 бап), мектептерде христиан діні туралы сабақ оқытпау (33 бап), шариғатқа сай зектер, пітір және басқада міндетті алымдар кедей оқушыларға беру (46 бап) секілді мәселелерді көтерген болатын.

Алаш қозғалысының көшбасшысы Ә.Бөкейхановтың өтініш қылуымен ірі реформатор Б.Сыртанов  1911 жылы «Қазақ елі уставын», яғни, тұңғыш қазақ конституциясының жобасын жазып шықты. Осы конституцияның «Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында» деп аталатын І тарауының 2 бабында: «Қазақ елінің жеке туы бар. Туы жасыл, қызыл һәм сары көлденең жолақтардан жасалады. Басындағы бұрышта ай һәм жұлдыздың суреті бар. Жасыл түс – елдің исламға берілгендігінің белгісі, қызыл – ел қорғауда төгілген қан, сары – қазақтың кең даласы, еркіндіктің белгісі» деп жазылды. Сондай-ақ, «Адам баласының құқы турасында» деп аталатын ІІ тарауының 10 бабында: «Қазақ елінде адам баласының бәрі тең құқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм Құдай алдында жауап береді» деп айтылды. Конституцияда бұлай халықтың «исламға берілгеніне» және «Құдай алдында жауап беруіне» арнайы тоқталуы, бұл рухани тұтастықтықты қамтамасыз ету үшін бір дінге мемлекеттік тұрғыда қолдау білдіретін преференциялық зайырлылықтың элементтері қамтылғанын көрсетеді.

«Алаш» партиясының 1917 жылы қабылдаған Х тараудан тұратын Бағдарламасының IV тарауы «Дін ісі» деп аталды. Тарауда: «Дін ісі мемлекет ісінен айырылуы болуы. Дін біткенге тең құқық. Дін жаюға ерік. Кіру-шығу жағына бостандық. Муфтилік қазақта өз алдына болуы. Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер моллада болуы, жесір дауы сотта қаралуы» деген құқықтық норма көрсетілді. Бағдарламадағы «Дін ісі мемлекет ісінен айырылуы болуы» деген норма зайырлылықтың негізгі принципі екені белгілі. Әйтсе де,  «Муфтилік қазақта өз алдына болуы. Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер моллада болуы» деген нормалар «Алаш» партиясының зайырлылықтың преференциялық үлгісін таңдағанын көрсетеді.

«Алаш партиясы» көп ұзамай осы жылдың желтоқсан айында «Алаш орда» өкіметін құрды. Сол кезде Орынбор муфтилігінде Ғұмар Қараш қазаққа бас қази болып сайланды. Алаш қайраткерлері өкіметтің Бас уәкілдігі жанынан діни істермен айналысатын жоғары инстанция құруды қолға алды. Бірақ, Ресейде күш алған большевиктер үкіметі «Алаш орда» үкіметі реформаларының іске асуына кедергі келтірді. Алаштан өзге қазақ даласында жұмыс істеген «Үш жүз», «Шура-й улема», «Шура-й ислами», «Большевик» секілді саяси күштер халықты алты алауыз күйге түсірді. Мұның бәрі «Алаш» идеясының жолын кесті.

Дегенмен, Алаш қайраткерлерінің тәуелсіз ел болу идеясы өлген жоқ. Араға ондаған жылдар салып барып Қазақ елі егеменді ел атанды. Дінге еркіндік беретін зайырлы принциптерді конституциямен бекітті. Өз алдына муфтилік құрды. «Алаш орда» өкіметі қарастырған «Дін істерімен айналысатын жоғары инстанция» бүгіне «Дін істері және азаматтық қоғам» министрілігі ретінде жұмыс істеуде. Яғни, біз қазақстандықтар мемлекеттілікті нығайтуда әрдайым Алаш идеясын үлгі тұтуымыз қажет.  Алаш рухын бойымызға сіңіріп, әлі де ел болашағы үшін cоқталы істерді атқаруымыз шарт. Бұл – Алаш идеясы, Алаш мұраты, Алаш аманаты!   

Мұхан Исахан, Дінтанушы PhD доктор

kazislam.kz