18 мам, 2020 сағат 12:20

Әлемнің 120-дан астам елі індет себебін зерттеуге шақырды

Дүйсенбіде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы жұмысын бастайды және коронавирус індетіне байланысты алғаш рет виртуалды форматта өткізеді. Күн тәртібіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) коронавируспен күрестегі әрекетін тексеру мәселесі қойылады деген болжам бар.

Еуропа одағы мен Австралия жаңа вирустың пайда болуы мен жаппай таралуын мұқият тексеруге шақырды. Бұл ұсынысты әлемнің 122 елі қолдады, арасында Ұлыбритания мен Ресей де бар.

"Әлемде төрт жарым миллион адамға жұғып, 300 мыңнан астам адамның қазасына себеп болған коронавирус індетінің бетін қайтаратындай жеткілікті әрекет жасалды ма" деген сұрақ - негізгі мәселеге айналуы мүмкін.

Бұл ұсыныста инфекция алғаш пайда болған Қытайдың Ухань қаласы нақты аталмаған. Алайда Пекин "саяси шабуыл жасап отыр" деп Австралияны айыптай сөйлеп, індетті тексеру туралы бастамаға бірден қарсы шықты.

Бұл бастаманы әзірге Вашингтон қолдаған жоқ. Бірақ АҚШ мұнан да қатаңырақ ұстанымын байқатып, вирустың шығу тегін Қытайдан іздеу керек деген болатын. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп "вирус жайлы ақпаратты жасырды" деп Қытайды бірнеше рет айыптаған және оған ДДСҰ көмектесті деп санайтынын білдірген. АҚШ билігі вирус "Ухань қаласындағы лабораториядан тарауы мүмкін" деген болжамды да теріске шығармаған. Дегенмен, АҚШ-тың ресми барлау қоғамы қандай да бір нақты дәлел жайлы мәлімдеме жасаған жоқ. Қытай бұл нұсқаны үзілді-кесілді теріске шығарып отыр.

COVID-19 індетінен ең көп зардап шеккен ел - АҚШ. Соңғы мәліметтерге қарағанда, АҚШ-та бір жарым миллионға жуық адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, 84 мыңнан астам пациент өлген.