28 нау, 2020 сағат 16:33

Алматы облысында тұрғын үй кешенінің бір бөлігі карантинге жабылды

Алматы облысында «Асыл-Арман» тұрғын үй кешенінде 6-шы үйдің 4-ші подъезі карантинге жабылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қайрат Баймұхамбетовтің мәліметінше, коронавирус жұқтырған адамдардың бірі осы тұрғын үй кешенінде тұратындықтан осындай шара қолға алынды. 

4-кіреберіс тұрғындарына пәтерлерін тастап кетуге, қонақ қабылдауға тыйым салынады. Сондай-ақ, жұмысы бар азаматтар қалыптасқан жағдай бойынша басшыларын ескертіп қоюға міндеттелді. Карантин 14 күнге жалғасады. Қажет болған жағдайда ұзартылуы мүмкін. 

Сондай-ақ, залалсыздандыру жұмыстары Іле ауданының Көкқайнар және Жамбыл ауданының Аққайнар ауылдарында да жүргізіледі. Себебі бұл екі ауыл коронавирус анықталған екі азаматтың тұрғылықты мекені. 

Еске салсақ, Алматы облысында коронавирустың 4 жағдайы тіркелді. Еліміз бойынша науқастар саны – 204.