25 мам, 2020 сағат 08:52

Алматыда ашылған сауда, ойын-сауық орталықтары қалай жұмыс істеуде?

Алматыда 25 мамырдан бастап сауда үйлері, ойын-сауық орталықтары, дәмханалар мен басқа да нысандар ашылды. ҚазАқпарат тілшісі коронавирус инфекциясына байланысты 2 айдан аса уақыт жабық тұрған сауда орындарын аралап көрді.

«Mega» сауда, ойын-сауық орталығында дезинфекциялық тоннель орнатылған. Келушілердің барлығының дене қызуы тексеріліп жатыр. Санитайзерлер мен антисептиктер орнатылған. Сауда орталығы аймағында арнайы мамандар зарарсыздандыру шараларын жүргізуде. Аяқ аттаған сайын 2 метр қашықтықты сақтау туралы ескертпелер ілінген. Сатушылар мен қызметкерлер, келушілер маска тағып жүр.

«Grand park» сауда, ойын-сауық орталығына кіреберісте кезек пайда болған. Адамдар мұнда кіру үшін таңғы 8-ден келген. Есік аузында дене қызуы өлшенеді. Күзетшілер адамдарды бір жерге шоғырланбауды өтініп жатыр. 

Кейбір бутиктер ашылмай жатып, іші адамға толы.

Қала әкімдігі 25 мамырдан бастап сауда орталықтары мен сауда, ойын-сауық кешендері территориясында орналасқан азық-түліктік емес сауда нүктелері, химиялық тазалау орталықтары, мейрамханалар, сұлулық салондары ашылатынын хабарлаған болатын.

Сауда, ойын-сауық орталықтары кешкі 22:00 дейін ашық болады. Осы орталықтарда орналасқан тамақтану орындарыкелесі – екінші кезең аясында ашылмақ. Ал СПА салондар, фитнес-клубтар, ойын-сауық нысандары – үшінші кезеңде ашылады. 

Мұның алдында қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин ірі нысандарға дезинфекциялық тоннель, стационарлық тепловизор орнатуға кеңес берген болатын.

Сонымен қатар, қалада қоғамдық тамақтану орындары, мейрамханалар, дәмханалар ашыла бастады. Алайда, бұл жерлерде банкет, той өткізуге тыйым салынған.

Қалалық полиция тұрғындардың карантин талаптарын орындамай кеткенін ескертті.

Осы мақсатта түсіндіру жұмыстары артып, блокпостардағы полиция бақылауы күшейтілді.