04 сәу, 2020 сағат 09:04

Алматыда коронавирус жұққан алты адам жазылып шықты

Алматыда коронавирус жұққан алты адам - бес әйел, бір ер адам жазылып шықты, деп хабарлады coronavirus2020.kz сайтының Телеграм арнасы. 

"Екеуі 16 наурызда Стамбулдан келген, екеуі - 10 наурызда Мәскеу - Алматы рейсімен ұшып келген. Бір адам 13 наурызда Берлиннен оралған. Бір адамға науқастардан коронавирус жұққан" делінген хабарламада. 

Алматыда барлығы 19 адам жазылып шыққан. 14 күндік үй жағдайындағы карантинге жіберілген. 

Қалалыұ қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, қалада барлығы 109 адамнан коронавирус табылған. 77 науқастың жағдайы - орташа. Екі ересек науқастың халі өте ауыр, бір адамның жағдайы - ауыр. 11 адамның жағдайы - орташа ауыр. 

4 сәуірде таңертең денсаулық сақтау министрлігі қалада 16 адамнан вирус табылғанын хабарлаған болатын. Олардың бірі жағдайы ауыр күйде ауруханаға түскен. 

Қала бойынша 655 адам (83 бала) провизорлық орталықтарда жатыр. 4411 адам үй карантинінде. 

Алматы - вирус жұқтырғандар саны жағынан республикада Нұр-Сұлтаннан (202) кейін екінші тұр. 19 наурызда қалада карантин жарияланып, қалаға кіріп-шығуға тыйым салынды. 28 наурызда адамдардың сыртқа шығуына шектеу қойылды. Қала тұрғындары азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу сияқты өте қажетті жағдайда ғана көшеге шыға алады. Қалада азық-түлік дүкендері, дәріханалардан басқа нысандар жабық.