29 сәу, 2020 сағат 15:08

Алматыда VIP-саунаның директоры, қызметкерлері мен клиенттері жауапқа тартылды

Алматыда VIP-саунаның директоры, қызметкерлері мен клиенттері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген саунаны Әуезов ауданының Полиция басқармасының қызметкерлері әшкерелеген болатын.

Кешеннің әкімшілік директоры, бас есепші, екі массажист, екі келуші, сондай-ақ ер адамдарға интимдік қызмет көрсеткен екі әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Біз бейнекадрды мұқият зерттеп, карантин кезінде монша кешені 2 рет ашық болғанын анықтадық. Кешенге келген азаматтарды таптық, төтенше жағдайды бұзғаны үшін әрқайсысы ҚР ӘҚбК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен түнде олардың екеуі мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен әкімшілік қамауға алынды. Қалған құқық бұзушыларға қатысты шешім бүгін қабылданады», – деді Әуезов аудандық Полиция басқармасының басшысы Әлішер Тұрсынбетов.

Оның айтуынша, саунаның 56 жастағы қожайыны қазір полициядан бой тасалап жүр.

«Бірақ ерте ме, кеш пе ол анықталып, жауапқа тартылады. Біз тағы да азаматтарды заңды қатаң сақтауға және қоғамның қауіпсіздігіне бағытталған карантинді бұзбауға шақырамыз», – деді Тұрсынбетов.