29 мам, 2020 сағат 12:24

Алматыда заңсыз ойын бизнесі ұйымдастырылған 48 орын анықталды

Алматыда заңсыз ойын бизнесі ұйымдастырылып келген 48 орны анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қалалық прокуратура өкілдерімен бірлесе отырып, Алматы қаласындағы заңсыз ойын залдарын анықтау бойынша жұмыстарды жалғастыруда. 

«Жыл басынан бері департамент қызметкерлері 48 заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған залдарды анықтады (оның 8 ойын залдары, 1 астыртын ойынхана), көлеңкелі айналымнан 100 ойын терминалы және 216 компьютер тәркіленді, жалпы 28 қылмыстық іс қозғалды»,– деп хабарлайды қаржы мониторнгі комитетінің баспасөз қызметі. 

ҚР «Ойын бизнесі туралы» заңының 6-шы бабы 2-ші тармағына сәйкес, Қазақстан аумағында электронды және интернет ойындарын ұйымдастыруға тыйым салынған. 

«Алайда, ағымдағы жылдың 25 мамырында Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу және полиция департаментінің қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шаралары барысында заңға қайшы қызмет етіп келген электронды ойынхана анықталды. Іс-шара барысында электронды ойынхананың ішінен 50 дана компьютер және көлеңкелі айналымнан 210 000 теңгеден асатын ақша тәркіленді»,–деп атап өтті ведомстваның баспасөз қызметі. 

Аталған айғақ бойынша ҚР ҚК 307 бабы 3 бөлігі 2 тармағына сәйкес (заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.