28 сәу, 2020 сағат 15:19

Алматыда зейнеткерге пышақпен шабуыл жасалды – полиция түсінік берді

Алматыда бұзақы зейнеткерге пышақпен шабуыл жасады. Оны Радиоэлектроника жəне байланыс əскери-инженерлік институтының əскери қызметшілері құтқарды. Осы оқиғаға қатысты полиция түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1948 жылы туған Ч. есімді азамат полицияға арызданды. 

«Бұл оқиға туралы бүгін Қорғаныс министрлігінен естідік. Арнайы тексеру жүргіздік. Оның жеке басын анықтадық. Сөйлестік. Нәтижиесінде зейнеткерді ешкім тонамағаны анықталды. Оның айтуынша, 24 сәуірде белгісіз біреу бұзақылық ниетпен қолын пышақпен тіліп, қашып кеткен. Бүгін бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚРҚК 293 бабы - бұзақылық бойынша тіркелді. Қылмыстық процесті Медеу ауданының аумақтық полиция басқармасы жүзеге асырады. Күдікті міндетті түрде ұсталып, жауапқа тартылады «, - деді Алматы қаласы ДП-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Зейнеткердің айтуынша, оқиға Орталық колхоз базары маңында болған.

«Маған 25-30 жас шамасындағы бір жас жігіт келді. Ол менен темекі сұрады. Мен шылым шекпейтінімді айттым, сол кезде ол менің қолыма жеңіл жарақат салып, қашып кетті «, - дейді зейнеткер.

Айта кетейік, Радиоэлектроника жəне байланыс əскери-инженерлік институтының əскери қызметшілері Дінмұхамед Алтынбек пен Ерзат Бекполов Жангелдин жəне Жүргенов көшелерінің қиылысында жатқан егде жастағы ер адамды құтқарды.