22 мам, 2020 сағат 11:51

Амфан циклоны: Үндістан мен Бангладеште қаза тапқандар саны 103 адамға жетті

Амфан циклоны салдарынан Үндістан мен Бангладеште кем дегенде 103 адам қаза тапты, деп хабарлайды малайзиялық New Straits Times газеті.

22 мамырда Үндістанның шығысында және Бангладеште 20 жылдан астам уақыт ішінде ең қуатты циклоннан кейін қалпына келтіру жұмыстары басталды. Апаттан Батыс Бенгалия штатына қатты зардап шекті, мұнда қаза болғандардың саны 80 адамға жетті, деп хабарлайды Hindustan Times газеті. Дауыл мыңдаған құрылыстарды бұзды. Калькутта әуежайы су астында қалды. Ондаған мың үйдің шатыры ұшып кеткен,1 млн үй электр жарығынсыз қалды.

Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Моди 22 мамырда Батыс Бенгалия мен Одишаға осы екі штаттағы жағдайды бағалау үшін аттанды. 

Deutsche Welle неміс телерадиокомпаниясының хабарлауынша, Бангладеште жүздеген ғимарат бүлінген, теңіз шаяндары мен асшаяндарын өсіретін мыңдаған фермалар қираған, 10 млн-нан астам адам электр жарығынсыз қалған. 

Бұған дейін Амфан циклонынан Үндістан мен Бангладеште 84 адам қаза тапқаны туралы хабарланған болатын.