25 нау, 2020 сағат 08:56

Антисептикті қалай қолдан жасауға болады?

Бүгінде дәріханаларда медициналық маскамен бірге ең үлкен сұранысқа ие өнім - антисептик болып отыр. Зор сұраныс тапшылықты туғызатындықтан дәріхананың көбінен оны таба алмауыңыз мүмкін. Осы ретте антисептикті қолдан жасап алудың амалын ұсынамыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің ресми сайтында антисептиктердің рецептін жария етті. Оны қолдан оп-оңай жасап алуға болады. Ол үшін сізге медициналық спирт, үш пайыздық сутегі асқын тоғы (шамамен шай қасығындай), глицерин (шай қасығының жартысындай) мен қайнатылған су (10-12 мл) керек. 

Антисептикті дайындау үшін спиртті үлкендеу ыдысқа құясыз. Мензурка немесе шприцтің көмегімен оған сутегі асқын тоғын қосасыз. Осыдан кейін осы қоспаға глицеринді араластырасыз. Мензурканы пайдаланбас бұрын оны ыстық сумен бір шайып алу керек. 

Осы қоспаны артынша қайнатылған суға араластырасыз. Талғамыңызға қарай аздап бояғыш немесе ароматизатор қосып қоюға да болады. Спирт ұшып кетпес үшін ерітіндінің бетін жауып қою керек. Осыдан кейін осы қоспаны абайлап флаконға құйып аласыз. 

Дайын антисептикті беті жабық ыдысқа құйып қойып, 72 сағатқа қалдыру керек. Үш тәуліктің ішінде спирттегі немесе флакондағы микроағзалардың көзі жойылады.