21 мам, 2020 сағат 08:54

Apple мен Google вирус жұқтырған пациенттерді бақылайтын қосымшаны іске қосты

Әлемге танымал Apple және Google компаниялары көптен күткен қосымшаны іске қосты. Ол COVID-19 жұқтырған адамның орнын хабарлайды. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Technology Review-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл қосымша әлемнің денсаулық сақтау органдарына коронавирустың таралуын қадағалауға мүмкіндік береді. Әлемнің түрлі елдерінің үкіметі енді бұл технологияны ауру жұқтырған науқастарды және олармен байланыста болуы мүмкін адамдарды бақылау үшін қолдана алады. 

Жиырмадан астам ел науқаспен байланыста болған адамдарды бақылауға арналған өз қосымшасын шығарды, бірақ Apple және Google компанияларының бірлесіп жасаған қосымшасы пандемиямен күрес процесін едәуір жеделдетеді деп күтілуде. 

Бұл ғаламдық алпауыттардың серіктестігі ауруды жұқтыруы мүмкін тасымалдаушыларды табу бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. 

Apple және Google бес құрлықтағы 22 мемлекет, сонымен қатар АҚШ бірнеше штаты API-ге қол жеткізгенін мәлімдеді.

Apple және Google компанияларының хабарлауынша, коранавирусы бар науқастарды бақылау технологиясы пандемияны жеңген елдерде біртіндеп өшіріледі.

Мұндай технология пандемия ауқымын жеңуге көмектеседі. Сондай-ақ жаһандық экономиканы қалпына келтіру процесінің бір бөлігі бола алады.