09 қаң, 2020 сағат 17:52

Арап Еспенбетов: Біздің міндет - ұрпақтың бойына Абай еңбектерінің биік тағылымын сіңіру

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл – асқақ асуларға нұсқайтын, қазақстандықтарды тұтас ұлттық идеяға жұмылдыратын бағдарламалық мақала. Адамзаттың Абайының 175 жылдық мерейтойы – ортақ мереке. Президент «Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауы тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз», – деп басты назарды той тойлауға емес, ой ойлауға бұрып, ысырапшылықты, даңғазалықты доғарумыз керектігін баса ескертті. Біздің міндет – Абай мұрасын насихаттау арқылы қазақты әлемге таныту. Ұрпақтың бойына Абай еңбектерінің биік тағылымын сіңіру. Абай тойынан кейін ұрпақ ойлануы керек. Тойдан қандай үлгі-өнеге көрдік, жас буынға ұлы ақынның терең мағыналы ойларын жеткізе алдық па? Осындай сауалдарға жауап бере алсақ той ғибраты айқындалмақ», - дейді Арап Еспенбетов.

Профессордың пікірінше, Мемлекет басшысы қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы таныту жайлы сүбелі ой тастады.

«Абайдың гуманистік идеялары – адамзат өркениетін байытудың негізі. Президент халқымыздың рухани және мәдени құндылықтарын Абай арқылы насихаттау жайлы керектігін айтты. Расымен де ұлы Абай әлемдік деңгейдегі тұлға десек те оның шығармаларының бүкіл дүниежүзілік дәрежеде әлі де кеңінен таныла қоймауы бізді қатты ойландыруы керек» - дейді филология ғылымдарының докторы.

Оның айтуынша, мақаладағы Семей өңіріне айрықша көңіл аударылуы қала жұртшылығын қуанышқа кенелткені сөзсіз.

«Семей өңірі – Алаштың жүрегі. Ядролық сынақтан көз ашпай аңырап қалғанда, жаһандық жалмауыздан құтқарған Елбасына Семей халқының мың сан алғысы күнде айтылады. Семей жұртшылығы дағдарыс кезінің өзінде берекесі қашпай, ұйымшылдық көрсете білді. Бұл сонау Ұлылар рухымен жалғасып жатқан тектіліктің бір көрінісі болар. Мақаладағы «ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз» деген жолдар Семей шаһарының мәдени-экономикалық жағынан жандана, көркейе түсуіне сенімімізді нығайтты. Біз бір нәрсеге аса мән беруіміз керек! Абай – бір ғана ру, өңір не болмаса елдің ақыны емес! Ол – адамзаттың Абайы! Баршаны бауырына басқан ұлы тұлғаның шығармашылығы арқылы біз ұлтты ұйыстырып, берекесі мен достығы жарасқан біртұтас Қазақ елінің ынтымағы мен бірлігін арттыра түсуге еселі еңбектенгеніміз абзал», - дейді Арап Еспенбетов.

Еске сала кетсек, «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланған болатын.