06 ақп, 2020 сағат 05:50

Арменияда «Абай-175» жинағы жарыққа шығады

Арменияда «Абай-175» бірегей мерейтойлық жинағы басsлып шығуға дайындалуда. Жинаққа армян тіліне аударылған Абай туындыларының аудармалары енеді. Бұл туралы Ереван мемлекеттік университеті (ЕМУ) Түркология кафедрасының меңгерушісі, жинақты дайындау жөніндегі шығармашылық топтың мүшесі Александр Сафарян ҚазАқпаратқа берген сұхбатында айтты.

А.Сафарянның айтуынша, жинақтың бірегейлігі - Абайдың көптеген еңбектері тұңғыш рет армян тілінде басылып шығады. Кеңес дәуірінен бері қолданыста жүрген шығармалардың армян тіліндегі аудармалары қазіргі армян тілінің нормаларын ескере отырып редакцияланатын болады. Жинақ армяндық ғылыми және студенттік орта өкілдері үшін құнды оқу құралы, сонымен қатар армян оқырмандары үшін қызықты әдеби шығарма болады.

«ЕМУ Қазақстанның Армениядағы Елшілігімен бірлесе отырып, бірегей жаңа «Абай-175» мерейтойлық кітабын шығаруды жоспарлап отыр. Кітап үшін арнайы алғы сөз жазылған. Жинаққа армян тілінде алғаш рет шығатын «Қара сөздер» енеді. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» дилогиясы негізінде фундаменталды эпикалық романын қайта басып шығару жоспарланған. Бұл роман армян тілінде жарияланды, бірақ содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті», - деді А.Сафарян.

Ол Абайдың Қазақстанның ең ұлы ақындарының бірі ғана емес, сонымен бірге мәдени мұрасы барлық адамзаттың байлығы болып табылатын ақын екенін айтады. Атап айтқанда, ЕМУ-дің шығыстану факультетінде оқу бағдарламасы аясында студенттер ұлы Абайдың шығармашылық мұрасымен танысады. Осы тұрғыда жаңа жинақ осы мұраны зерттеуде айтарлықтай көмек болады.

«Бүгінгі армян студенттері Абайды орыс тіліне аудару арқылы көбірек біледі. Сонымен бірге, лингвист ретінде Абайдың кеңестік кезеңдегі шығармаларының армян тіліндегі аудармалары оның ұлылығын аша алмағанын өкінішпен атап өткен жөн. Сондықтан біз көркем аударма шеберлерін, аудармашы ақын-жазушыларды жаңа басылымды дайындау ісіне шақырдық», - деп сөзін қортындылады А.Сафарян.

Абай шығармаларын армян тіліне аударуды тәжірибелі армян ақыны-аудармашысы Варужан Хастур жүзеге асырады. Ол Шәкәрім, Мағжан Жұмабаев, түркімен әдебиетінің классигі Мақтымқұли Фраги, сонымен қатар Омар Хайямның шығармаларын аудару арқылы танымал болды.