14 мам, 2020 сағат 09:43

АШМ-ге қарасты мемлекеттік инспекция комитетінің бұрынғы төрағасы 6 жылға сотталды

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің бұрынғы төрағасы Е.Т.Айнабеков қызметін асыра пайдаланды деген күдікпен айыпты деп танылып, 6 жылға сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2020 жылдың 13 мамырында Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр аудандық №2 сотының үкімімен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп саласындағы мемлекеттік инспекция комитетінің бұрынғы төрағасы Е.Т.Айнабеков 6 жылға бас бостандығынан және өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды. Ол 2017 жылы Жамбыл облысында зиянды шегірткелерді химиялық жолмен жою жұмыстары бойынша «Оразалиев» жеке кәсібімен негізсіз қосымша келісім жасау арқылы өз қызметін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаров агенттікте өткен онлайн баспасөз мәслихатында. 

Сонымен қатар ол «КазТрастКем» ЖШС-нан қайтарымсыз негізде 4 мың литр улы химикат талап етіп, өз қызметін асыра пайдалану, комитеттің ведомстволық арнайы техникасын заңсыз жұмысқа тарту күдігі бойынша сотқа тартылған. 

Данияр Бекайдаровтың айтуынша Е.Т. Айнабековтың әрекетінен мемлекет пен заңды тұлғаларға 48 млн теңге шығын келтірілген.