28 мам, 2020 сағат 10:29

Әскерге шақырылғандар 14 күн карантинде болады

Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы Амантай Өсербаев әскер қатарына қабылданғандар 14 күн карантинде болып, ПТР тест тапсыратынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, биыл ант қабылдау рәсіміне ата-аналары мен туыстары шақырылмайды. Дегенмен, санитарлық нормаларды сақтай отырып ант қабылдау рәсімі өткізіледі.

«Төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, қауіп әлі бар. Сондықтан әскерге шақырушылардың ата-аналары, туған –туыстары мен достары ант қабылдау рәсміне қатыспайды.Пандемия кезінде бұл мүмкін емес. Балаларыңыз салтанатты жиынды видеоға түсіріп сіздерге жібере алады», – деді Амантай Өсербаев брифинг барысында.

Сонымен қатар ол әскер қатарына шақырылып жатқандар 14 күн карантинде болып, ПТР тест тапсыратынын айтты.

«Қазір коронавиурс жұқтырғандарды жібермеу маңызды болып отыр. Сондықтан, әскерге шақырылғандар арасында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біріншіден, әкімнің шешіміне байланысты медициналық комиссияның құрамына жұқпалы аурулар маманы қосылды және барлық шақыру орындарында медициналық пост қойылды. Яғни әрбір шақырылған азаматтың дене қызуы тексеріліп, бірден жұқпалы аурулар дәрігеріне барады», - деді Амантай Өсербаев.