03 сәу, 2018 сағат 12:48

Астанада «Әміре» фильмінің тұсаукесері өтті

Астанада Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлесе түсірген «Әміре» фильмінің тұсаукесері өтті.

Кинотуынды қазақтың тенор дауысты біртуар әншіcі Әміре Қашаубаевтың қамшының сабындай  қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды. Сондай-ақ, фильмде Әміре Қашаубаевтың танымал америкалық джаз композиторы Жорж Гершвинмен достығы да көрініс табады. 

1925 жылы Париждегі Exposition Internationale des Arts Decoratifs et Industriels Modernes аясындағы дүниежүзілік музыка конкурсына аттанады. Әміре Қашаубаев КСРО делегациясы қатарындағы өнерпаздар арасынан топ жарып, екінші орынды иемденіп, күміс медаль тағады. Еуропа жұршылығына алғаш болып қазақтың дәстүрлі ән орындау өнерін және ұлттық аспап домбыраны паш еткен Әміре Қашаубаев.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тарихи тұлғалар жайында түсірілген «Әміре» секілді фильмдер шетелдік көрерменнің елімізге деген қызығушылығын арттырады деді: «Президент Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аты бағдарламалық мақаласында, рухани жаңғырудың басты шарты – мәдениетіміз бен ұлттық кодымызды сақтап қалу. Онсыз рухани жаңғыруқұр жаңғырық болып қалады деп баса айтты. Еліміз жүргізіп отырған саясатта мәдениетке аса көңіл бөлінген. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу, ұлттық мәдени мұраны насихаттау мақсатында киноөндіріске идеологиялық мән берілген. Осы орайда, біз бүгін назарларыңызға еліміздің дара әншісі Әміре Қашаубаев туралы түсірілген көркем фильмді ұсынбақпыз. Фильмде Қашаубаевтың 1925 жылы Париждедегі қайталанбас жеңісі туралы сөз етіледі. Сондай-ақ, Әміре Қашаубаев туралы елге белгісіз деректер де фильмде көрініс тапқан. Әміре бірінші боп Еуропада қазақ әнін әуелеткен әнші. Оның тұлғасы қазақ өнері және жалпы қазақ үшін аса маңызды. Өсіп келе жатқан жас өрендер ол туралы білулері қажет. Үкімет және министрлік тарапынан осындай еліміздің асыл ұл-қыздарын бүгінгі ұрпаққа танытуда үлкен еңбек атқарылып жатқанын айтқым келеді».

Картинаның бас продюсері, DAR компаниясының негізін қалаушы Әлидар Өтемұратов алдағы тұсаукесер туралы былай деді: «Әміре Еуропа қошемет көрсетіп, қол шапалақатаған қазақтан шыққан алғашқы әнші бола тұра, өз елінде әділетсіз ұмыт болған. Сондықтан да мен үшін осындай ерекше дарын иесі туралы  көпшіліктің білгені маңызды.  Біз замандастарымызға Әміре Қашаубаевтың қиын өмір жолын және фильмде шырқалатын оның дауысын естуге мүмкіндік бергіміз келеді. Әмірені жақын танып, ұлттық дәстүрлі өнермен етене танысқан отандастарымыздың бойында мақтаныш сезімі оянады деп сенемін. Өйткені, біздің музыка мәдениетін қалыптастырған осындай адамдар, есімдер біздің тарихымызда қалуға тиісті. Әлем кинематографиясында музыка драмасы жанрында түсірілген фильмдер көп емес. Сондықтан отандық көрермендерге бұл жанрдағы картинаны көріп, өткен ғасырдың 30-жылдарына саяхат жасау қызықты болуға тиісті деп ойлаймын. Бұл Қазақстан кинематографиясын жаңа сатыға көтеруге бағытталған бірегей картина болмақ. Отандық көрермендер жоғары деңгейде бағалайды деп үміттенем».

Картина Латвия, Лос-Анджелес қалаларында түсірілді. Сондай-ақ фильмнің соңғы түсіру жұмыстары Алматы облысы Үшқоңыр ауылының маңында жүргізілді.   Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы «Балқадиша», «Үш дос», «Дударай», «Бес қарагер» және т.б. әндері орындалады.

Халықаралық түсірілім тобының құрамында: америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа (Jeff Vespa), оператор – Максим Осадчий («9 рота», «Сталинград») бар. Фильмнің сценарийін жазған Бенжамин А. ван дер Вин (Benjamin A. van der Veen). Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдаған. Сонымен қатар, британдық актер Бен Алдридж (Ben Aldridge) және «Область тьмы», «Три билборда на границе Эббинга, Миссури» фильмдері арқылы танылған австралиялық актриса Эбби Корниш (Abbie Cornish) және басқа да актерлер түскен.

Фильнің режиссері Джефф Веспа «Әміре» фильмінің қоюшы режиссері ретінде жұмыс жасап, мол тәжірибе жинадым, сонымен қатар, қазақ халқының төл мәдениеті мен тарихымен жақын танысқаныма қуаныштымын дейді. «Бұл жоба мен үшін өте маңызды.  Өзіме Әміре Қашаубаевтай өнер иесін аштым, оның әншілік өнеріне тәнті болдым. Сондай-ақ осы елдің кинематографистері арасынан жаңа достар таптым». 

Басты рөлді сомдаған Санжар Мәдиев өз жұмысы туралы былай деді: «Аңызға айналған тұлғаны үлкен экранда сомдап шығу –  мәртебе. Мен және түсірілім тобы үшін түсірілімның әрбір күні нағыз сынақ болды. Фильмді жасауға қатысқан барлық адамдарға алғыс айтамын».

Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына тұспа-тұс келген фильм жалпыұлттық прокатқа 2018 жылдың 5 сәуірінен бастап шығады.