05 қыр, 2018 сағат 16:19

Астанада Қазақстан халқы тілдері күні аталып өтті

5 қыркүйек күні Астана қаласында «Қазақконцерт» МКҰ-да Қазақстан халқы тілдері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Оған Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясының көрнекті қоғам қайраткерлері, шығармашылық және зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Мерекелік шарада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтау сөз сөйледі.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мерекелік шараны аша отырып, Қазақстан Үкіметі мемлекеттің тіл саясатын табысты іске асырып жатқанын атап өтті.

«Өткен жылы Қазақстан Президенті «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Оны іске асыру үшін Үкімет жанынан Ұлттық комиссия құрылды. Үкімет 2025 жылдарға дейін латын графикасына кезең-кезеңмен көшірудің жоспарын бекітті. Біз «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталық құрдық. Қазір республикамызда латын графикасына негізделген жаңа емле ережесі апробациядан өтуде», - деді министр.


Салтанатты мерекелік іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және «Қазақстан» РТРК-ның ұйымдастыруымен өткізілген республикалық ақындар байқауы қатысушыларының «Елбасы және Елорда» өлеңдер жинағының  тұсаукесері болып өтті. Бұл жоба талантты қазақ жастарын қолдауға  бағытталды.


Мерекеге орай Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамоталарын қауымдастықтардың көрнекті өкілдері, сондай-ақ жетекші сарапшыларына және сала мамандарына табыстады.