15 мам, 2020 сағат 11:18

Ата-анасынан 14 жасында қалған Бағдат Ахметжанов: Мен үшін отбасы – баға жетпес құндылық

Алматылық Ахметжановтар үшін Отбасы күнінің орны бөлек. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай Отан. Ол баға жетпес құндылық деп есептейді үш баланың әкесі Бағдат Ахметжанов.

Бағдат Ахметжанов ата-анасынан ерте айырылған. Сондықтан ол үшін отбасының орны ерекше. 

«Мен ата-анамнан 14 жасымда айырылып қалдым. Екеуі де көлік апатынан көз жұмды. Біз екі ағайындымыз. Сағдат деген інім бар. Бізді анамның сіңілісі ешкімнен кем етпей өсірді, тәрбиеледі, оқытты. Ол кісіге айтар алғысымыз шексіз»,– дейді Бағдат Ахметжанов. 

Оның айтуынша, отбасы - баға жетпес құндылық. Оны сақтап, құрметтеу әр адамның басты міндеті. 

«Мен 2015 жылы 21 жасымда үйлендім. Қазір үш баланың әкесімін. Екі ұл, бір қызым бар. Отбасы – Алла сыйлаған кереметтердің бірі. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншілік артады. Біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қарастырамыз»,– дейді ол. 

Бағдат Ахметжанов «Алматыжылужайэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде оператор болып жұмыс істейді, жары Ақмарал Дүйсенова жекеменшік компаниялардың бірінде есепші. Жақында жас отбасы «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша баспаналы болды. 

«Қазір жастарға арналған бағдарламалар өте көп. Бүгінгі күні бізде сол мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктердің жемісін көріп отырмыз. Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы баспана бағдарламасы аясында бір бөлмелі пәтерге ие болдық. Бұл біз үшін үлкен көмек. Ендігі мақсат өз баспанамызға қаржы жинау. Жалпы жұмыс істейтін жастарға мүмкіндіктер баршылық»,– дейді үш баланың әкесі.

ҚазАқпарат