22 мам, 2020 сағат 08:36

Атырауда жоғалған сәбидің денесі кәріз резервуарынан табылды

Атырауда екі күн бұрын жоғалған 1,5 жасар баланың денесі септиктен табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін бұл деректі облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі растады. 

«Жұлдыз» шағынауданындағы үйінен шығып, қайта оралмаған балақай қоқыс астындағы септикке түсіп кеткен. 

Кішкентай бүлдіршінді іздеуге полиция қызметкерлерімен бірге, еріктілер, Ұлттық ұлан сарбаздары мен төтенше жағдай қызметінің мамандары, қызметтік иттер тартылған еді. Іздеу жұмыстары кезінде «Жұлдыз» шағынауданынан Бесікті ауылына дейінгі елді мекендердің көшелері тексерілген. Саяжай учаскелеріне, қараусыз қалған ғимараттарға, Жайық өзенінің жағалауына да шолу жасалған. Сондай-ақ, арнайы техникамен кәріздік резервуарлардың суы сорылып, тексерілді.

«Балақай өз үйінің ауласындағы кәріз резервуарынан табылды. Резервуар қоқыс астында болған» - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Атырауда 1,5 жасар сәбидің жоғалғанын, оны іздеуге 50 волонтер мен 400 ерікті қосылғанын, сондай-ақ дрон да қолданылғанын жазған едік.