26 мам, 2020 сағат 14:11

Әуежайлар ашылды, блокпостар неге алынбады – Бас санитар жауабы

ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова әуе, темір жол қозғалысы ашылса да, блокпостардың неге алынбайтынын түсіндірді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біріншіден, карантинді жұмсарту шаралары жағдайға қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі. Автобустар мен жеңіл көлікке қарағанда, әуе рейсін халықтың аз бөлігі қолданады. Екіншіден, еліміздің әр өңіріндегі жағдай әр түрлі. Қазіргі цифрлардан өңірлер жағдайының теңескенін көріп отырған жоқпыз. Кей өңірде жұқтырудың ең төменгі көрсеткіші тіркелсе, өзге өңірде – керісінше жоғары», - деді бас санитарлық дәрігер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фейсбуктегі баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, барлық шешім коронавирус инфекциясын қосымша таратпау үшін қабылданып жатыр.

«Сондықтан, жеңілдетудің бірінші кезеңінде әуе рейстері іске қосылды. Келесі кезеңде – темір жол көлігі. Бәлкім, одан кейінгі кезеңдерде өңірлер арасындағы блокпосттар алынатын шығар. Кей өңірлер өз ішіндегі блокбекеттерді алып тастады. Сондықтан да, коронавирус инфекциясының қайта тарауына жол бермеу үшін блокпосттар ашылмайды», - деді А, Есмағамбетова.

Бұған дейін бас санитарлық дәрігер Қазақстан әуежайларында өзге елде жүргізілген ПТР тестінің нәтижесі қабылданатынын хабарлаған еді.