03 мау, 2020 сағат 09:10

Ауыл шаруашылығындағы бір жұмыскердің еңбек өнімділігі 2,4 млн теңгеге жетті

2019 жылы ауыл шаруашылығындағы бір жұмыскердің еңбек өнімділігі 2,4 млн теңге болды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылы 0,9 пайызға артып, 5,2 трлн теңгені құрады. Бұл ретте, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 4 пайызға артса, қолайсыз ауыл шаруашылығы жағдайларына байланысты өсімдік шаруашылығы 1,7 пайызға төмендеді», - деді миинстр Орталық комуникациялар қызметіндегі онлайн кездесуде.

Оның дерегінше, 2019 жылы салаға 501,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың деңгейінен 41 пайызға жоғары.

«2019 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бір жұмыскерге шаққанда 2,4 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың деңгейінен 14 пайызға көп. Өткен жылы ауыспалы егісті сақтай отырып, рентабелділігі жоғары дақылдар алаңын ұлғайту мақсатында майлы және бұршақты дақылдар егістері артты. Мысалы зығыр алаңы 18,2, соя алаңы 10,7, көкөніс-бақша дақылдары алаңы 4,7 пайызға ұлғайтылды. Жүргізілген алаңдарды әртараптандыру нәтижесінде бидай алаңдары монодақыл ретінде 11,3 млн гектарға қысқартылды», - Сапархан Омаров.