20 мам, 2020 сағат 15:02

Автобус жолаушылары маска тағуға міндетті ме?

ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова автобус жүргізушілері мен жолаушыларға қойылған санитарлық талаптар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірқатар өңірде қоғамдық көліктердің қатынай бастауына байланысты 10 мамырда жарық көрген Қаулымда міндетті талап бар. Ол - қоғамдық көлікте міндетті түрде маска тағуды көздейді. Қоғамдық көлік тұйықталған кеңістік және жолаушы бастапқыдан соңғы аялдамаға дейін барынша ұзақ жүруі мүмкін. Коронавирус инфекциясы өте жылдам тарайтынын білеміз. Яғни, вирус жоғары түйдекті әрі тез жұғады. Сондықтан қоғамдық көлікте маска тағу міндетті болуы тиіс», - деді бас санитарлық дәрігер Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Оның атап өтуінше, бұл талап автобустар жүргізушілеріне де қатысты. Бұған қоса, қоғамдық көліктерде залалсыздандыру жұмыстарының жүргізілуі сақталып, барлық есіктері міндетті түрде ашылуы тиіс. 

«Бүгінде қоғамдық көліктер толы болмауы тиістігі туралы талап қойып отырмыз. Жолаушылар әлеуметтік ара қашықтық сақтау нормасын мүмкіндігінше орындауы үшін жағдай жасалуы қажет. Яғни, автобустарда орындықтары ғана толы болуы керек», - деді Айжан Есмағамбетова.