22 мам, 2020 сағат 12:32

Аягөздегі әлеуметтік көмек орталығын Өскеменге көшіруді қарастыру қажет - Аймағамбетов

Аягөздегі әлеуметтік көмек орталығын Өскеменге көшіру мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл туралы бүгін онлайн форматында өткен ведомствоаралық комиссия отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы арнайы әлеуметтік көмек орталығында 4 баланың өліміне қатысты жайт қаралған отырыс барысында министрі мұндай проблема еліміздің басқа да дәл осындай мекемелерінде байқалатындығын жеткізді. Сонымен қатар ол отырыста айтылған барлық ұсыныстар мұнан ары қаралып, орындалуы үшін хаттамға енгізілетіндігін атап өтті. 

«Ведомствоаралық комиссия атынан Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне мекемені облыс орталығына көшіру нұсқаларын қарастыруды тапсырамын. Ол ірі қаладан 400 шақырым шалғайда болған кезде балалардың денсаулығы үшін үлкен тәуекелдер орын алады. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия қызметін де жандандыру қажет. Мұнан бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық сектордың өкілдерін тарта отырып, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, балалар мен қарттар үйлерінің ғимараттарына кешенді тексеру жүргізу қажет деп есептейміз. Сондай-ақ қоғамдық бақылау институтын дамытуға жалғастыру керек», - деді Асхат Аймағамбетов.