26 мам, 2020 сағат 08:51

Аймағамбетов мектептерге әдеби кітаптарды көптеп сатып алуды тапсырды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерге әдеби кітаптарды көптеп сатып алуды жүктеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алдымен, мектептердің кітапханаларымен жұмыс істеу – басты мақсаттардың бірі болуы керек. Екіншіден, университеттердің кітапханалары назардан тыс қалмауы тиіс. Ұлттық білім беру деректер қорының (ҰБДҚ) модулін дайындап бердік. Енді өңірлердегі кітапханалар осы қорды толтыруы тиіс. Биылдан бастап келген оқулықтарда QR-кодтар болады. Сол арқылы қолмен толтырып жатпай, біз айтқан базаға оқулықтарға қатысты ақпараттың бәрі енгізіледі», - деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппарат отырысында.

Министр қор арқылы әр оқулықтың кімге берілгенін, оның бар-жоғын анықтап отыруға болатынын айтып өтті.

«Осы арқылы «оқулық жетпей қалды» деген мәселеден арыламыз. Сондықтан цифрландыру мәселесін дайындап, аяқтауымыз керек. Ендігі жұмыс – ұйымдастыру. Жалпы көркем әдебиет туралы да сөз қозғаған едік. Әдебиет оқитын жас буынды мектептен қалыптастыруымыз керек дейміз. Бірақ мектептерде шыны керек, әдеби кітаптар жеткіліксіз көлемде сатып алынады. Сондықтан көркем әдебиетті тиісті тізім бойынша сатып алуды реттеу керек. Жергілікті білім басқармаларымен осы жұмыс ұйымдастырылсын», - деген Асхат Аймағамбетов бұл мәселені ұйымдастыруды орынбасары Шолпан Қариноваға тапсырды.