06 сәу, 2020 сағат 16:28

Балаларға тапсырманы орындауға уақыт беруіміз керек - Аймағамбетов

Елімізде 500 мыңға жуық ұстаз қызмет еткеннен кейін әртүрлі мәселе болып тұрады. Бұл туралы Білім және ғылым мтнистрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Елімізде 500 мыңға жуық мұғалім қызмет еткен соң әртүрлі мәселе болып тұрады. Мысалы біздің кейбір әріптестеріміз бүгін берген тапсырмаларды бір сағат ішінде орындап, кері байланыс жасау керектігі туралы тапсырма берген екен. Осындай жағдайларды да естіп жатырмыз. Бұл нәрсені біз қолдамаймыз, себебі дұрыс емес. Балаларға тапсырманы орындауға уақыт беруіміз керек. Ол тапсырманы жақсылап түсініп, жақсылап оқып барып кері байланыс орнату қажет. Асығатын ештеңе жоқ. Бұл мәселеге әріптестеріміздің назарын тағы бір аударғым келеді», - дейді министр. 

Ол ешқандай есеп қажет емес екенін айтты.

«Біз тиісті бұйрықты қабылдадық. Бұйрық бойынша білім бөлімдерінен де, білім басқармаларынан да, мектептерден де, мұғалімдерден де ешқандай есеп талап етілмеуі керек. Барлық ақпаратты интернет жүйесінен өзіміз алып отырамыз. Мұғалімдерден, ата-аналардан есеп талап етуді тоқтату бойынша іс-шара қолдандық. Әр мұғалім, мектеп басшысы қалай жұмыс істеу керек екенін жақсы біледі, сондықтан есеп талап етілмейді, ешқандай тексеріс жүргізілмейді», - дейді Асхат Аймағамбетов.