11 мау, 2018 сағат 13:49

Бас мүфти: Қадір түнінің құт-берекесі шексіз

Қадірлі жамағат!

Баршаңызға қасиетті Қадір кеші мүбәрак болсын!

Алла Тағала Хақ Елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

 لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْر

«Қадір түні мың айдан да қайырлы» (Қадір, 2-3) – деген аятты нәзіл етіп, мұсылман үмбетін теңдессіз қуанышпен сүйіншілеген.

Әлбетте, бұл – Алла Тағаланың мұсылман үмбетіне деген шексіз қамқорлығы мен рақымы. Өйткені, мың айды жылдарға шағатын болсақ, сексен үш жылдан астам мезгілді қамтиды. Бұл дегеніміз – бір адамның өміріне татитын уақыт мөлшері. Яғни, Қадір түнінде Хақ Тағалаға ынты-шынтымен құлшылық еткен пенде ғұмыр бойы құлшылық еткен болып саналады. Ал, әр жыл сайынғы Қадір түнін қаперге алсақ, онда мұсылман баласының қамшының сабындай қысқа ғұмырда жинаған сауабынан биік тау тұрғызатынын көзге елестетуге болады.

Иә, Қадір түнінің құт-берекесі шексіз. Себебі, қасиетке толы бұл кеште жер бетіне сан мыңдаған періштелер түседі. Періштелер тіпті жер бетіне сыймай, бір-біріне сығылысады. Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келесі бір хадис-шарифінде: «Ол түні жер бетіне түскен періштелердің саны ұсақ тастардың санынан да көп», – деп хабарлайды.

Періштелер мүміндерді айнала қоршай Алла Тағаланың оларға деген кешірімі мен мейірімін айтып сүйіншілейді. Алла Тағала Құран Кәрімде:

سَلَامٌ هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْرِ

«Ол бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады (Қадір, 5) – деп баяндайды.

Қасиетті түнді құлшылықпен өткізген мұсылманға періштелер салауат айтып, оған бейбіт өмір тілейді.

Қадір түнінде Алла ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерді арттыру, Құран Кәрімді оқып, тыңдап, түсінуге ынта қою, мешітке барып уағыз-насихат тыңдау, Жаббар Хаққа тәубе мен истиғфар жасау, Алла Тағаланы ұлықтау, еліміздің бірлігі мен игілігі, жер бетіндегі күллі мұсылмандар үшін дәйім дұға жасау – сауапты һәм абзал амалдардың бірі. 

Құрметті бауырлар!

Қадыр түнінің мүмкіндігінен мақұрым қалмай, таң рауандаған шаққа дейін жансебіл рухта Хаққа құлшылық қылып, жан-жүрегімізбен Алаштың қамы үшін дұға-тілек жасайық. Алла-Тағала Рамазаннан Рамазанға аман-есен жетіп, дәйім қасиетті Қадір түнін қарсы ала беруді жазсын! Әмин!

Бас мүфти Серікбай қажы ОРАЗ