15 мам, 2020 сағат 13:43

Бас мүфти мешітке келетін жамағатқа үндеу тастады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 18 мамырдан бастап мешітке келетін жамағатқа үндеу тастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алла қаласа 18 мамырда жеке құлшылық жасап, құран оқытып, неке қидыруға ниет білдірген азаматтар үшін мешіттерімізді ашамыз. Бұл еліміздегі барлық мешіттің есігі ашылады деген сөз емес. Өйткені әр облыстағы карантин жағдайы әртүрлі. Бас санитарлық дәрігердің карантин режимін кезеңдік талаптарын сақтау бойынша қаулысын ұстанудамыз. Сонымен қатар өңірлердегі коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес жұмыс жүргіземіз. Осыған орай облыстағы мешіттеріміздің ашылуы – сол өңірлердегі коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес жүзеге асырылады», - деді Бас мүфти ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, карантин талаптарын сақтау үшін жамағатпен оқылатын бес уақыт, жұма, тарауық намаздарына қатысты уақытша шектеулер өз күшінде қалады. 

«Жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз. Қасиетті кітабымыз Құранда «Қиындықпен бірге жеңілдік бер. Алла сіздерге жеңілдікті қалайды» деген. Аллаға шүкір, елімізде ТЖ режимі аяқталып, халқымыз қалыпты өмірге ауыса бастады. Алайда карантин талаптарын қатаң сақтап, сақтық шараларын аса мән беруіміз керек», - деді ол.

Наурызбай қажы Тағанұлы мешітке келушілерге келесі талаптарды сақтауға шақырып, үндеу тастады:

- мешітке келуші барша жамағатты медициналық маска және қолғап киіп келуге;

- антисептик құралын жиі қолдануға; 

- жеке құлшылық жасау кезінде бір жарым метр ара қашықтықты сақтауға;

- Құран оқитын бөлмеде бір жарым метр қашықтықты сақтап отырып, он адамнан артық кірмеуге;

- неке қидыратын бөлмеге төрт адамнан артық кірмеуге;

- мешіт имамдарының кеңесіне құлақ асып, мешітке лек-легімен, кезекпен кіруге;

- мешітке 15 минуттан артық болмауға (мешіт ауасын әр үш сағат сайын тазартып отыру үшін).