26 мам, 2020 сағат 14:17

Бейбіт жиналыстар туралы заңның артықшылығы да, кемшілігі де іс жүзінде көрінеді – министрлік

Бейбіт жиналыстар туралы заң нормаларының іс жүзінде артықшылығы да, кемшілігі де көрінеді. Мемлекет басшысы қол қойған бейбіт жиналыстар туралы заңға қатысты Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу құқығы азаматтарға да, ұйымдарға да берілген. Әр адамның үніне құлақ асқымыз келеді. Сонымен бірге бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы қазір қалыптасқан жағдайдан, құқық қолдану тәжірибесінен, саяси мәдениет пен дәстүрден, саяси танымнан бөле жарып қарастыра алмайтынымызды түсінуіміз керек», - деді Данияр Есин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Вице-министрдің айтуынша кез келген заң тірі ағза секілді. 

«Өмір бір орында тұрмайды. Тұрақты даму қалпында. Бейбіт жиналыстар туралы заң нормаларының іс жүзінде артықшылығы да, кемшілігі де, сонымен қатар кем-кетікті жою жолы да көрінеді», - дейді Данияр Есин. 

Сонымен қатар, министрлік өкілі заң бойынша жұмыс жүргізген жұмыс тобының мүшелеріне, Парламент депутаттарына, азаматтық қоғам мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне, құқық қорғау ұйымдарының өкілдеріне алғысын білдірді.