05 нау, 2019 сағат 09:57

Билік өз халқының мүддесі үшін қызмет етуі керек

Қазіргі халықтың басты талабы – елдегі әлеуметтік жағдайдың түзелуі болып отыр.​Үйсіздік, жұмыссыздық, қымбатшылық халықтың наразылығын күшейтіп отырғаны жасырын емес. Осы мәселені түсінген Ел Президенті биыл жедел шешім қабылдап, бұрынғы Үкіметті таратты.

Жаңа Үкімет жасақтап, бес әлеуметтік бастамасын жариялады. Енді жаңа Үкіметтің алдында соны «майдан қылшық суырғандай» ептілікпен орындау міндеті тұр. Халықтың айтып жатқан талабы өте орынды. Билік те өз халқының мүддесі үшін қызмет етуге міндетті. Бірақ кейде осы елдің арасында арандатушылар да бар ма деп те алаңдаймын. Мұндай сәтте халықты көшеге шығуға итермелеп, «өртенген үйге қойдың басын бас үйтіп» алғысы келетіндер де шығады. Ондай теріс пиғылдылардың ниетінен сақ болуымыз керек.

Біз «қарнының ашқанынан гөрі қадірінің қашқанынан» қорыққан халықпыз. «Сабыр түбі - ​ сары алтын» деген саңлақ бабалардың ұрпағымыз. Ең басты құндылығымыз – тәуелсіздік пен елдің тыныштығы. Осы екеуінен айырылсақ, бәрінен де айырыламыз.

Өз басым бүгінгі көпбалалы аналардың өтемақысын өсіру, әрбір отбасының баспаналы болуы сияқты Президенттің тапсырмасын орындауда Үкіметтің әділетті болуын талап етемін. Әкімдер мен министрлер елмен етене жұмыс істеуі керек. Әйтпесе, халықтың наразылығы одан сайын күшейе береді.

Алдымен, ең жағдайы нашар отбасылардың мәселесі шешілуі тиіс. Тұрғын үй мәселесін де жыл соңына дейін жедел жүзеге асыру қажет. Көпбалалы отбасылардың өтемақысы әділетті түрде бөліну керек. Біреудің қорадағы он тауығын санаушылар ойлануы тиіс. Мұның бәрі заң аясында, айтылған «бес әлеуметтік бастаманың» негізінде жүзеге асса деймін.

Біз, ат төбеліндей аз қазақ эволюциялық жолмен өсуіміз керек. Бізге ешқандай соғыс пен бүліктің керегі жоқ. Алла Тағала да Құранда «бір қиыншылыққа сабыр етсең, артынан он жақсылық беремін» деп уәде еткен жоқ па? Сондықтан әліптің артын баққанымыз дұрыс па деймін.

Серікзат Дүйсенғазының фейсбуктағы жазбасынан