24 нау, 2020 сағат 19:13

Біртанов: Сәуірдің ортасынан кейін вирус жұқтырғандар азаюы тиіс

Сәуір айының ортасына қарай коронавирус инфекциясын жұқтыру деректері төмендей бастауы тиіс. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Төтенше жағдай режімін ұзарту эпидемиологиялық жағдайға, коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайына байланысты болады. 15 сәуірден кейін вирус жұқтырғандар азаяды деп үміттеніп отырмыз. Мұндай жағдайда шешімді Мемлекет басшысы қабылдайтын болады. Біз мемлекеттік комиссияда күн сайын бұл ахуалды қарастырып отырамыз. Дегенмен жағдай теріс өрбитін болса, онда төтенше жағдай режімінің ұзартылатындығы сөзсіз», - деді министр ведомствоның Facebook-тегі парақшасында «Денсаулық министрлігі хабарлайды...» деген айдармен жарияланған видеода. 

Оның атап өтуінше, болжамға сәйкес, сәуір айының алғашқы он күнінде коронавирусқа шалдығу дерегі шырқау шегіне жетуі мүмкін. 

«Дегенмен қабылданған карантиндік шаралар біздің есептеуімізше аурудың таралуын шамамен 50 пайызға төмендетіп отыр. Сондықтан карантиндік шараларды сақтау барынша маңызды және ол мұнан ары да қатаңдатылуы мүмкін. Оны кеше Президентіміз де айтқан болатын. Бұл инфекцияның таралу жылдамдығын айтарлықтай төмендетуге ықпал етеді», - деді Елжан Біртанов.