28 мам, 2020 сағат 15:05

Биыл ауыл тұрғындарының 87 пайыздан астамы сумен қамтамасыз етілмек

Биыл ауыл тұрғындарының 87 пайыздан астамын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"

«Халықты сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастыру мақсатында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл республикалық бюджеттен 111,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Ол қаражатқа 316 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, қалаларда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 97,5 пайызға жеткізіледі. Бұл тұрғыда 10 млн-нан астам адам қамтылады. Ал ауылдық жерлерде аталған көрсеткіш 87,7 пайызға дейін жетіп, 6,84 млн адамды қамтиды», - делінген ҚР ИИДМ мәліметінде. 

Сонымен қатар, қалаларда ағынды суларды тазартумен қамту 74,9 пайызды құрайды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы бұл бағытта 404 жоба жүзеге асырылып, 4078 ауыл сумен қамтылды. Қазіргі уақытта ел бойынша ауыз суға қолжетімділік көрсеткіші - 92,6 пайыз.