03 мау, 2020 сағат 15:11

Биыл елімізде автобустарды жаңартуға 10 млрд теңге бөлінеді

Биыл елімізде автобустарды жаңартуға 10 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта еліміз бойынша қалалық автобус бағыттарында шамамен 10,5 мыңдай автобус жүр. Олардың 43 пайызы яғни 4,5 мыңдай автобустың шығарылғанына 7 жылдан асып кеткен.

«Өңірлерде автобус парктерін жаңаруды қолдау мақсатында 2018-2019 жылдары жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 33,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа өңірлерде Қазақстанда өндірілген 693 автобус сатып алынды. Ал биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 10 млрд теңге қаражат бөлу мақұлданды. Оған өңірлер 1 370 автобус сатып алуды жоспарлап отыр», делінген хабарламада.

2020 жылдан бастап әлеуметтік маңызды бағыттарда қызмет ететін тасымалдаушылар қосымша құн салығын төлеуден 3 жылға босатылады. Бұл шаралар жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және отандық зауыт өндірушілерді қолдауға бағытталған.