15 мам, 2020 сағат 11:55

БҚО-да 950 млн астам теңгенің тыйым салынған заттары тиелген 14 жүк көлігі ұсталды

БҚО-ның «Сырым» өткізу бекетінде тыйым салынған медициналық тауарлар тиелген 14 жүк көлігі ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Айман Қуанованың мәлім еткеніндей, аталмыш жүк көліктері Алматы қаласынан Ресейдің Пенза облысына бара жатқан.

 

Жүк бөліктерін қарау кезінде шетке шығаруға тыйым салынған тауарлар, атап айтқанда, жеке қорғаныс құралдары, медициналық, қорғану және респираторлық маскалар, дәрілік заттар, байланыссыз термометрлер, қолғаптар, қорғаныс көзілдіріктері, қорғау костюмдері, респираторлық маскаларға арналған сүзгілер, антисептиктер, қорғаныс щеткалары табылды. 

Сонымен қатар экспортқа шығару үшін рұқсат беру құжаттары жоқ медициналық құрал-жабдықтардың да бар екендігі анықталды. 

А.Қуанованың сөзіне қарағанда, заңды тұлға медициналық тауарларды өткізуге қажетті рұқсат беру құжаттарын бермеген. Е-лицензиялау ақпараттық жүйесінде де мәліметтер жоқ болып шықты.

Жүк құжаттарына мониторингі жүргізу барысында электрондық шот-фактуралардың ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ЭШФ ақпараттық жүйесінде тіркелмегені белгілі болды. Сондықтан ұсынылған құжаттар жалған болып табылады.

Тауарлардың жалпы сомасы 950 млн теңгеден асады.

«Аталған деректер заңды тұлғаның қолдан жасалған электронды шот-фактураларын ұсыну арқылы нақты алынған кірістерді жасыру және салық төлеуден жалтару ниеті болғандығын көрсетеді. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментіне берілді. Өнім жеткізушіге қатысты кедендік тексеру басталды», деді А.Қуанова.