03 мау, 2020 сағат 13:38

БҚО-да «Лидер» қаржы пирамидасынан зардап шеккендер іздестірілуде

Батыс Қазақстанда «Лидер» қаржы пирамидасынан зардап шеккендер іздестірілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті мәлім еткеніндей, қазіргі кезде қаржылық (инвестициялық) пирамида құру дерегіне қатысты ҚР ҚК 217-бабына сәйкес қылмыстық іс тергелуде.

Аталмыш департаментке алданып қалған азаматтан арыз түскен. Ол «Лидер» жобасы бойынша инвестицияланған қаражаттың 10 күн ішінде 100 пайыз сыйақымен қайтарылатыны жөнінде WhatsApp мессенджері арқылы таралған хабарламаға сеніп қалып, 55 мың теңгесін аударып жіберген. Алайда шарт орындалмай, ақшасынан айырылған.

«Біз басқа да алданып қалған тұрғындарды іздестірудеміз. «Лидер» пирамидасынан зардап шеккендер 8-711-2-53-84-27 телефонына хабарласа алады», деп хабарлады БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті.