25 сәу, 2020 сағат 11:01

БҚО-да мал ұрлаумен айналысқан ағайынды барымташылар ұсталды

Батыс Қазақстан облысы аумағында мал ұрлаумен айналысқан ағайынды барымташылар ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, департаменттің криминалдық полиция және Ақжайық ауданы полиция бөлімі қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шаралары барысында 1978, 1982 және 1987 жылғы ағайындылардың ұйымдасқан қылмыстық тобы әшкереленді.

Оларға қатысты ҚР ҚК 188-бабы 4-бөлігіне сәйкес үш эпизод бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. 

Күдіктілердің мекенжайынан сондай-ақ аңшы және атыс қаруы, оқ-дәрілер мен пышақтар табылды. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 287-бабы 3-бөлігіне (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сәйкес тергеу жүргізілуде.

Қазіргі таңда ақ-адал малы қолды болған барлық жәбірленушілер анықталуда. Жоғалған жылқылар осы үйір ішінен табылған жағдайда иелеріне қайтарылады. 

«Әлеуметтік желілерде аталған іс бойынша шындыққа жанаспайтын мәлімет тарауда. Осыған байланысты көрінеу жалған ақпарат таратқандар ҚР ҚК 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескерткім келеді. Карантин кезінде жәбірленушілердің полиция бөліміне барып жүруінің қажеті жоқ. Полиция қызметкерлері өздері барып, тергеу амалдарын жүргізетін болады. Күні бүгін табылған малдардың бәрін Ақжайық ауданы полиция бөлімі жергілікті әкімдікпен бірлесіп бағу және сақтау жұмыстарын қолға алды», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.