10 ақп, 2020 сағат 16:20

"Бұл – халықтың өзін-өзі сақтау инстингі!.."

Қордай қақтығысына байланысты қазір желіде бір «невежество» деген сөз алаулап тұр. Оны айтып жатқандар негізінен орыстілділер, өздерін гуманист санайтын ақылдылар және кейбір журналистер мен құқыққорғаушылар. Ал осы «невежество» кімнің тарапынан орын алды? Ақсақалдың сақалына жабысып, екі баласымен соққыға жыққан кім? Оларды жауапқа тартуға келген тәртіп сақшыларына доңайбат көрсетіп, ұрып-соғып, шаңға аунатып, киімін дала-дала қылған кім? Оған жол берген кім?

Қазақ жұрты өз елінде әлі күнге дейін ұлт дәрежесіне көтеріле алмай, Қазақстандағы көп ұлыстың бірі секілді шетқақпай көріп, ұлт тұтастығының негізі болуға тиісті тілі жетімсіреп, босағадан сығалаумен жүр. Әртүрлі ұлыстар мен диаспоралар мемлекетті құрушы ұлтты сыйламаса, тілін менсінбесе, орманға қарап ұли берсе, қазақ кайтпек? Қарап тұрып жан бере ме? Әрине мұндай кезде шартсыз рефлекске жол беріледі!

«Кішкентай халыққа үлкен қанжар керек» деген Имам Шәміл. Біз - кішкентай халық емеспіз, "үлкен қанжарға" да құмарлығымыз жоқ, бірақ байтақ жерді ұйытып, басқаны бауырына алып, жылытып отырса да қазақ қазір сол Имам Шәміл айтқан «кішкентай халықтың» күйін кешіп отыр. Халық - асау өзен. Бабын тапсаң, баяу ағады, бағыңды жайнатады. Бауырын түртіп, тессең, ағызып кетеді. Тасып, топалаң жасайды. Бауырын тескен әлеуметтік теңсіздіктен елін сақтау үшін, тұтастығын сақтау үшін, берекесі кетпес үшін, амал жоқ, білекке сүйенді! Бұл – «невежество» емес! Бұл – халықтың өзін-өзі сақтау инстингі!

Ұлтты біріктіретін – тіл! Бәрімізді жарастыратын да – тіл! Құшақты ашып, бауырға басатын да - тіл! Егер жеріміздің байлығы өзіне бұйырып, түрлі ұлыстар бір тілде - қазақ тілінде сөйлеп, шын мәніндегі хұқықтық, унитарлы мемлекетке айналсақ, «невежествоға» жол қалмас еді ғой?

Данияр Саламаттың фэйсбуктағы жазбасынан