15 мам, 2020 сағат 11:33

Cемейде зейнеткерді алаяқ 1 млн теңгеге шығынға батырды

Семей қаласында 73 жастағы зейнеткерді құндыз тон сатамын деп алдаған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қарттың үйіне келген бейтаныс әйел құндыз тонды 950 мың теңгеге сататындығын айтқан. Ойына еш секем келмеген зейнеткер оған сұраған ақшасын бере салады. Алайда арада біраз уақыт өтсе де тапсырысын ала алмаған. Ал жымысқы ойын іске асырған алаяқ телефонға жауап беруін қойды. Сол кезде тұзаққа түсіп қалғанын түсінген кейуана құқық қорғау органдарына хабарласып, арыз жазған. 

«Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. 34 жастағы жұмыссыз әйел өз кінәсін мойындап отыр. Ол ақшаны жұмсап үлгерген», - деп хабарлады ведомство өкілдері. 

Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.