23 сәу, 2020 сағат 10:34

«Даму» қоры «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен несие береді

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мемлекеттік органдар мен өзара әрекет ету департаментінің директоры Гүлсая Зайнелғабдина кәсіпкерлерге қаншалықты жеңілдетілген несие беріліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша жеңілдетілген несиелер бойынша екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдар, лизингті компанияларға 375 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары шеңберінде екінші деңгейлі банктерден, микроқаржылық ұйымдар мен лизингті компаниялар 39,9 млрд теңге бойынша 3 мың қарыз алушының өтінімін мақұлдады. Осы жылдың бірінші тоқсаны бойынша «субсидиялау» құралы бойынша 692 жоба мақұлданып, 60 млрд теңге бөлінді», - деді Гүлсая Зайнелғабдина ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

«Даму» қорының өкілі елдегі өңдеу өнеркәсібін қолдау бойынша бағдарлама Ұлттық банк қоры есебінен жүргізіліп, түпкі қарыз алушы үшін 6 пайыздық мөлшерлемемен берілетінін жеткізді.

«Сонымен қатар кәсіпкерлер «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 6 пайыздық жеңілдетілген ставкамен несие ала алады. Әйелдердің кәсіпкерлігін дамыту мақсатында шағын және орта бизнесті қолдау бойынша бағдарламалар Азия банкі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінен тартылған қаражат есебімен жүзеге асырылады», - деді ол.

Айта кетсек, бұған дейін ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметов «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бизнес иелеріне мемлекет қандай қолдау шараларын көрсететінін айтып берген еді.