04 қар, 2017 сағат 09:33

Дүбәра дүние дүмбілез сананы қалыптастырады

Қара тақта

«Қара тақта». Жаңа айдарға осындай атау бердік. Таңсық атау емес: тарихтан хабарыңыз болса, бұрын да кездескенін байқайсыз. Біз тек сол жарқ етіп сөнген сәулені қайта тұтатпақ ниетте едік. «Қара тақтаға» қаптаған ығай мен сығайды емес, ар сотының алдында адал сөйлейтін адамдарды ғана шығаруды ойлап отырмыз. Оған ұлттың руханияты мен мәдениеті һәм әдебиеті төңірегінде салмақты ой айта алар қоғамның жанды жерлерін түртіп өтер маңызды пікір-сөздердің иелерімен өткен мақала-сұхбаттарды жариялап отыруды жөн санадық. Сіз танысқалы отырған беташар сұхбатымыз - «Қара тақтаның» алғашқы жазуы. Қабыл алыңыз!

Алғашқы қонақ: Ұлттық журналистік зерттеу орталығының жетекшісі Дәрмен СМАЙЫЛ.

– «Қара тақтаның» алдына қош келдіңіз!

– Қош көрдік!

– Әңгімеміздің әлқиссасын мынадан бастайықшы: «қазақ тілінің бүгінгі жетім баланың күйін кешіп отырғаны үкіметтегілердің бей-жайлығынан» деген пікірмен келісесіз бе? Жалпы, біз неге ана тілімізге келгенде билік пен саясаттан басқа кінәлі ешкімді көрмейміз? Бұл әлдекімнің дертке шалдығып, ауырғанына дәрігерді ғана айыптағанымен бірдей секілді. Сізге қалай?

– Сіздің әрбір сұрағыңыз жеке-жеке ой толғап жауап беруге тұрарлық дүние екен. Өйткені, «Гиппократтың антын» бергендер дерттің диагнозын дұрыс қоймаса, аурудың «тілін» танымай, себебін анықтай алмаса, оларды айыптаудан неге қашамыз?! Ал «ауырмайтын жол іздеу» туралы әңгіме мүлде бөлек.

Әрине, ана тіліміздің ахуалы тіл ғылымындағы ажалды тіл немесе сырқат тілдердің қатарына кірмейді. Бірақ, бұл әлемде жер көлемі жағынан 9 орын алатын мемлекеттің тіліне ешқандай қауіп-қатердің жоқ дегенін де білдірмесе керек. Демек, «жау жоқ деме, жар астында» деген жаһандану заманында ұлттық иммунитетіміздің бірден-бір негізі қазақ тілін қорғау, оған қамқорлық жасауды ешбір сәт естен шығармауымыз қажет.

Сіз қалай ойлайсыз, тыныш жатқан жерімде «өзге тілде берілген сұрауға сен сол тілде жауап бер» десе, мен оны неге «Үкіметтің бей-жайлығы» демеймін?! Өзімнің үкіметім оң-солын әлі танып үлгермеген, ана тілінің барлық нәрін сіңіріп бітпеген балама орыс пен ағылшын тілін бұғанасы бекімеген тал шыбық кезінен меңгертемін десе, мен «билік пен саясаттан басқа ешкім кінәлі емес» деп неге айта алмаймын?!

Кез келген саланың сәтті жүзеге асуына ықпал мен мәжбүрлік деген көп әсер етеді. Сондықтан, қазақ тілі аясының дамуында Үкімет тарапынан ықпал жасалып, оның өркен жаюына халық мәжбүрлік туындатқанда ғана тіл мәселесінің күрделенген түйіні шешіледі. Яғни, атқарушы билік ана тілінің мәртебесін арттыруда ықпалды күшке айналып, ал халық өз отбасынан бастап, қоғамдық деңгейде ана тілінде қарым-қатынас жасаса, тілдің өміршеңдігі артады. Десек те, ықпал «Қазақ тілін үйренейік», «Қазақ тілінде сөйлейік» деген бағдарламалармен шектелмейді. Ол – қазақтың тілін ғылымның тіліне, техниканың тіліне айналдырғанда ғана өседі деген сөз. Саясат пен экономика мемлекеттік тілде сөйлегенде ғана тіл көркейеді. Өз ұлтын өз тілінде сөйлеуге үйретіп, ақша бөліп жатқан әлемде ел жоқ екені әлдеқашан мойындалған.

Тіл – ұлттың тарихы, мәдениеті мен өркениеті, өмірінің мәйегі. Сондықтан, барлық стильдер шоғырланған ұлттың әдеби тілін өркендеткеніміз қажет. Әдебиетін (кітап) оқуды, оны тануды дамытқанымыз абзал. Қазақ тілінде кітап оқу тамыры терең әдеби тілді меңгертіп, ұлттың таным-түйсігін, табиғатын сезінтер еді.

Осы орайда, биліктің бүгінгі тірлігін «Қолтырауынның көз жасы» демеске, шараң жоқ. Әйтпесе, отынының басындағы түтінін тіл мәселесі жаңқаларын тұтатпай-ақ түзу түтетіп отырғандар дәл қазір жетерлік. Түсінуіміз керек, «Өз отбасында қазақша сөйлесін» деген қағиданың бүгінде маңызы жоғала бастады. Бұл да жоғары жаққа қарата айтылуы керек.

– Қоғамда қазақ тілінің бәз біреулерге «авторитет» бола алмай жүргенінің алғашқы үш себебін атай аласыз ба?

- Бірінші, мәжбүрлігі мен қажеттілігі төмен. Қазақ тілімен өмірін байланыстыра білген адам жерде қалмайтын психологияны сіңіре білуіміз керек. Екіншіден, ғылым мен техниканың тіліне айналдыруға кедергі көп. Үшіншіден, саясат пен экономика ана тілімізде сөйлесе, ресми тілден гөрі мемлекеттік тіл қатынас тіліне барлық жерде өздігінен айналады. 

– Ешқандай ұлтжандылыққа, патриотизмге немесе Президент сөзіне сүйенбей, адамгершілікке ғана салып айтыңызшы: жер бетіндегі әр адам қай тілде сөйлесе де өз еркі емес пе?

– Менің түсінігімде, өз тілінде сөйлеуге міндетті, ал өзге тілді білу – өз еркі. Өйткені, ана тілін білу – ұлтын шексіз сүю, өзге тілді білу – білім-ғылым. Өз шаңырағымда, дастарханымда мен ешкімді құқымды аяққа таптайтын өз дәстүрімен тайраңдатып қоя алмаймын. Менікін танысын, содан кейін несін көрсетемін десе, өзі білсін. Ал сырт жақта оның аузына тұмылдырық сала алмаймын, ерік өзінде.

Көптілділік – біліктілік, ғылым дейміз. Сондықтан, кез келген адам менімен диалогқа келгісі келе ме, алдымен ұлтымды, тарихымды танысын. Дегенмен, бұл жерде біз ұлттық мәселемізді өзге ұлт өкілдерінің есебінен шешпеу керектігімізді ойлағанымыз абзал.

– Соңғы уақытта қазақ тілінің мектеп бағдарламасында оқытылуына байланысты көптеген дау туып жүр. Бір сөзбен айтқанда, жоғарыдағылардың шешіміне қарапайым халық наразы. Еліміздің Білім және ғылым министріне (Е.Сағадиевке) айтар сөзіңіз, ұсынысыңыз немесе өкпеңіз болса, мархабат.

– Айтқаныңыз рас. Наразы жұрт жыртылып-айырылады. Қазіргі білім беру жүйесін ашық сынап жүрген немесе сыбырлап айтып жүрген осы саланың өкілдері де жеткілікті.

Екі мысал келтірейін. Менің көршімнің бірінші сыныпты үш тілде оқып бастаған кіп-кішкентай қызы анасына «Анашым, мен сізбен қай тілде сөйлесіп отырмын» деген сұрақ қойғанын естіп, жағамды ұстадым. Сол бірінші сыныпта оқып жатқан бір оқушы «а» әріпін мен неге «ей» (ағылшынша) деп айтуым керек деп жылап отырғанын мұғалімнің өз аузынан естідім. Мұндай адам шошырлық деректер өте көп. Өз ана тілінің мүмкіндігін толық түйсінбеген, қазақ тілінде дұрыстап сөздерді қосып оқи алмайтын бүлдіршіндеріміздің бұл тағдыры, түсінген адамға сұмдық қасірет емес пе?! Дүбәра дүние дүмбілез сананы қалыптастырып, болашақ дамуымыз күлдібадам бола ма деген қорқыныш басым.

Ал Білім және ғылым министрінің «реформаларына» қатысты пікірлерімді әлеуметтік желілерде, министрлік сайтында да айтып жүрмін. Ұсыныс: министр халық пен ғалымдардың пікірлеріне құлақ ассын. Қазақ тілінің аясын тарылтуды тоқтатсын, жаратылыстануды ағылшынша оқыту да құлаққа кірмейді. Бастауыштан бастап ағылшын тілін, орыс тілін оқыту тоқтатылып, қазақ тілі мен әдебиетін, тарихын оқыту қайта қаралсын. Дұрысы, орта мектеп мәселелеріне жауап беретін орта білім беру жүйесін толықтай өз қарамағынан шығарып, онымен айналысатын жеке министрлік құруға түрткі болса екен. Меніңше, орта білім беруді жоғары мектеп өкілдері емес, сол саланы толықтай білетін, психологиясын меңгерген азаматтар басқарғаны жөн.

– Ағылшын тіліне қалайсыз? How much do you know English?

– Кітап жазуыма ана тілім жарап тұр, нан тауып жеуіме орыс тілінде сөйлеуім жарайды. Ал ағылшын тілі ғылыми атақ қорғауыма тұсау боп тұр. Құдай бұйыртса, түптің түбінде бұл шешіледі. Міне, мәжбүрлік деген осы.

– Өзіңізді қазақ тілінің жанашырымын деп айта аласыз ба?

– Кез келген қазақ елінің азаматы қазақ тілінің, ұлт руханиятының жанашыры болуы керек деп есептеймін.

– Қазақ тіліне жаныңыз ашып, қандай қарекетке, нендей амалға барып жүрсіз?

– Өз ортамда қазақ тілінің үстем тұруына қызмет ету менің парызым. Айналамның ана тілімізде дұрыс сөйлеуін, дұрыс жазуын, сөз тіркестері мен мағынасын дұрыс қолдануын жіті бақылап жүремін. Мемлекеттік тілге қатысты шараларды жиі ұйымдастырып, ондай шаралардан мүмкіндігінше қалмауға тырысамын.

– «Қара тақтаға» арыңыз бен адамгершілігіңізді ала келгеніңіз үшін рахмет!

«Қара тақтаның» жазушысы Маржан ӘБІШ,

Ұлт порталы